«Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы, әскери полиция құрылымдары мен Семей қалалық ішкі саясат бөлімі өкілдері № 54 770 әскери бөлімінің жеке құрам сарбаздарымен кездесіп, патриоттық тәрбие, сарбаздың дінге деген көзқарасы туралы әңгіме өткізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Жиын барысында «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік құқық жұмыстары бөлімінің идеология және арнайы насихат жұмыстары бойынша аға офицері Роллан Нұржаубаев діни ағымдар жайында мағлұмат беріп өтті.
- Діннің тұтастығы – қашан да елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны тарихтан баршамызға белгілі. Бір дінді ұстанып отырып-ақ оның тармақ-тармағына бөлініп, өзара алакөз болған елдердің бастан кешіп отырған тауқыметтерін көріп те, біліп те жүрсіздер. Сондықтан, қалыптасқан дінге өзгеріс енгізбек болып, өздерінше жаңашылық таппақшы болып жүргендерден аулақ болыңыздар. Жат ағым мен арам пиғыл ертең жарға жығады, - деп атап өтті Роллан Нұржаубаев.
Сарбаздарға арналған түрлі жиындар өтіп тұрады. Олардың әрқайсысында жас сарбаздарға отаншылдық сезім, патриоттық тәрбие жайында айтылып келеді. Мықты армия – мемлекет қауіпсіздігі. Тұрақты мемлекеттің тұғырынан таймауы үшін әр жауынгердің отансүйгіш, мемлекетшіл болуы шарт.