Ауылдың ажары кетіп, базары тарқаған тоқырау жылдарында тәуекелге бел байлап, ердің ісіне кіріскен Айгүл Баймағұлова болатын. Ауылдағының бар дүние ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенде Айгүлдің үлесіне тигені ескі дүкен болды. «Барға қанағат».
Қолдағы бар он мың теңге, бір сиырмен дүкен ашып, топты баланы асырады. Бүгінде ауылдағы әлеуметтік ұн, қант-шәй осы дүкен арқылы ұйымдастырлып отыр. Алғашқыда қиын болғанмен табандылығы мен іскерлігі арқасында кәсібі оңала бастаған соң, ауылда наубайхана салуды қолға алды. Бастапқыда тозығы жеткен ескі пешті жөндеп, күніне 30-40 бөлке нан шығарған.
Уақыт өте келе тұрғындардың сұранысы ұлғайған соң, өткен жылы өз қаржысына Семейден арнайы қондырғы сатып алып, тәулігіне 300-350 бөлке нан өндіретін наубайханасын ашты. Қазір нан өнімдерінің үш түрі өндіріледі. Арнайы тапсырыс бойынша той-томалақтың өнімдерін жасап тұрады.
Осы жағдайды ескеріп көктем шыға кондитер өнімдерін жасайтын цех ашылмақ. Мұндай тағамдарға тапсырыс жиі болатын көрінеді. Қазір наубайханада он адам жұмыс жасап жатыр. Ұн өнімдері арнайы тұрақтандыру қорынан алынады сондықтан, нан өнімдерінің бағасы басқа өңірлерге қарағанда төмен. 50 теңгенің нанының таза салмағы 750 гр. тартады осыған қарағанда баға төмен. Ал жаз айларындағы науқан уақыттарында нан өндіру екі есеге артады.
Ақшатаудың мақтанышына айналған Айгүлдің тағы бір ерекшелігі -кәсіби жүргізушілігі. Қол астындағы «Газель» автокөлігімен алыс сапарлардан жүк тасу Айгүлдің үйреншікті ісі. Ауылдастары тіпті «Камаз» автокөлігін алыс жолдан айдап келгенін аңыз ғып айтады.
Нәзік жанды азаматтың қажыр қайраттылығы арқасында кәсібінің бір саласын ауыл шаруашылығымен ұштастырып отыр. Кәсіпкердің қорасында 100-ден аса ірі қара , 50 жылқысы бар. Алдағы жылы асыл тұқымды бұқа мен «Жәбе» жылқысын алып мал басын асылдандыруға кіріспек ойы бар.
Аягөз ауданындағы мыңнан аса тұрғыны бар Ақшатау ауылында кәсіппен айналысып жүрген азаматттар аз емес, бірақ бәрі бірдей атымтай жомарт болмасы анық. Қолдан келген қайырымдылығын аямайтын Айгүл Баймағұлова ауыл мектебіндегі мектеп жасына дейінгі кіші орталықты толықтай қамқорлығына алған. Тұрмысы төмен отбасының балаларына қамқорлық көрсетумен қатар ауылдың мәдени шараларының бел ортасында жүретін Айгүл ақшатаулықтардың алғысына бөленген жан.
Қадырбек Кәкімұлы.
Мәлімет көзі Altaynews.kz