Ауыл тұрғындарын, оның ішінде жастар мен оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ету үшін, аудан халқы қыс мезгілінің ерекшелігін сезініп, саламаттылыққа бет бұру мақсатында биыл: Жарма ауданының орталығында аудандық Мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен бір игі шара қолға алынды.
Қалбатау ауылдық округінің орталық алаңында қардан қаланған сырғанақ жасалған еді. Міне, дәл осында жуықта «Қыс қызығы-сырғанақ» атты шанамен сырғанаудан жарыс өткізілді.
Жасы да, ересегі де жұмыла жиылған аудан тұрғындарының қарасы көп болды. Ойынның шартына сәйкес, жеңіс үшін жылдамдық пен күш қажет болғандықтан ең жылдам, ең мықты үміткерлер сынға түсті.
Балалықтың албырт кезеңінің куәсі–жасөспірімдер арасындағы жарыстың нәтижесі бойынша, I орынды Н. Сләмбек, II орынды Е. Нұртазин, III орынды Д. Мұстафин иеленіп, сыйлықтарға ие болды.
Қалбатаулық жастар да белсене атсалысып, I орынды Р. Оспанбеков, IIорынды А. Қуанышбай, III орынды С. Темірбаев иеленді.
Қарға аунап, шанамен сырғанап балалықты еске түсірген ауыл ересектері бір марқайып қалды. Олардың арасынан I орынды Қ. Омаров, II орынды Р. Түсіпбеков, III орынды М. Жанай иеленіп, М. Құрмашева, М. Говарков, М. Уәлиевтерге ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Қарға омбығып,беттері домбыққан, жақсы көңіл-күйдегі балалар жарыс біткенімен де көпке дейін тарқамай, шанамен сырғанап, ойнауды жалғастырып жатты.
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz