KZ
Өскемен
+32°
ясно жел 2 м/с, С
467.29 501.03 5.35

"Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" грантына семейлік 3 оқытушы лайық деп танылды

4.01.2013, 18:00 187


Астана қаласында өткен « Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атты республикалық байқауда Семей мемлекеттік педагогикалық институтының 3 бірдей оқытушысы үздік деп танылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов төрелік еткен комиссия құрамына Парламент депутаттары, «Нұр Отан» ХДП-ның өкілдері, жетекші ғалымдар мен оқытушылар кірді.

Байқау қорытындысы бойынша еліміздегі 57 жоғары оқу орнының 200 үздік деген оқытушылары осы жоғары атаққа үміткер ретінде іріктеліп алынды. Жеңімпаздардың 15 пайызы ғалым-оқытушылар екені қуантады.

Сонымен, 2012 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысының» гранттарына СМПИ-ның физика кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, педагогика ғылымдарының докторы Базарбек Мұқышев, СМПИ педагогика кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Шолпан Дүйсембекова және СМПИ философия, құқық негіздері және экономика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Нәзигүл Ғазизова лайық деп танылды.

Тапсырылған мемлекеттік гранттар ғылыми зерттеулер жүргізуге, біліктілікті арттыруға, оның ішінде шетелдің жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтары мен зертханаларында да, жұмсалуы тиіс.

-Мен өзімді өте бақытты сезінудемін. Маған педагогикалық қызметімді ары қарай дамытуыма қамқорлық жасаған мемлекетке алғысым шексіз. Бұл оқытушы беделінің артып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа жылдың осылайша тамаша басталуы мені бұдан да жақсырақ қызмет істеуге, лайықты педагогтар даярлауға жетелейді, - деп бөлісті өз қуанышымен СМПИ философия, құқық негіздері және экономика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Нәзигүл Ғазизова.

Әсел Шайхынова
Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив