KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1 м/с, С
480.61 534.53 5.28

Қазақстанда «жекеменшік түрмелер» пайда болмақ

19.11.2012, 18:00 217


Мәжілісте өткен кешегі «Үкімет сағатында» Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов елді елең еткізген ақпарды жария етті, дейді BAQ.kz ақпаратына сүйенген Аltaynews.kz тілшісі. «Түзеу мекемелерінің басым көпшілігі көнерген, тозығы жеткен және апаттық жағдайда, - деді министр депутаттарға, - қарапайым санитарлық, техникалық талаптарға да жауап бермейді, эксплуатацияланғандарына 40-тан 80 жылға дейін өткен.

Ішкі істер министрі «жеке мен мемлекеттің серіктестігі» тәсілімен «колониялар салуды өздерінің ендігі Қарағанды облысының әкімдігімен пысықтап жатқандарын» мәлімдеді. Осы орайда «жекеменшік түрме иесі, мемлекеттің көзін ала беріп, әлдебір бай не беделді қылмыскерге «курорттағыдай» жағдай туғызбай ма?» деген сауал туады. Бірақ министр мырза бұл мәселеде ары бармады.

Әзірге, мемлекеттің құзырлы органы мен қылмыстық беделділер арасында күрес жүруде. «Әрине, олар өздерінің жағдайларын жақсартып алуға талаптануда, - деп мойындады министр Қалмұханбет Қасымов. - Денелеріне жарақат түсірумен айналысады. Өткен жылы біз барлық колонияларда шу сөндіргіштер, яғни ұялы байланысты тосқауылдауыштар орнаттық. Енді «мұның дұрыс еместігі» жөнінде алғашқы арыздар алып жатырмыз. Сотталғандар бізбен соттасуда...» Бұл жерде министрдің өзі қылмыскерлердің, бір қапысын тауып, сол «тосқауылдауыштарды» айналып өтетіндігін растады. «Сол жақтан телефон шалумен байланысты алаяқтық түрін білесіздер» деді ол.

Атап айтқанда, әлгілер әлдебір ересек адамдарға қоңырау шалып, өздерін ішкі істер органы қызметкері ретінде таныстырып, «қылмыспен қолға түскен баласын босату үшін» әлдебір нөмірге немесе шотқа дереу қаржы салуды талап етеді екен. Тағы бірде «смс» жолдап, әр алуан «конкурстарға» қатысуға шақырады. Олардың шартын білмек болып, хат жазған адам телефондағы қаржысын босқа шығындайды.

ІІМ басшысының кеше жариялаған дерегінше, «бандитизм, қылмыстық топтар құру және басқару фактілері бойынша 36 қылмыстық іс қозғалыпты». «Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 50 шақты лидері және 230 мүшесі жазаға тартылды. Олардан есірткі мен қару-жарақтың үлкен көлемі тәркіленді. 6 «заңдастырылған ұрының» («воры в законе») қызметіне тосқауыл қойылды, біреуі - сотталды, қалғандары елден аластатылды. Мұның барлығы өңірлердегі және тұтастай алғанда, елдегі қылмыстық ахуалды біршама сауықтырды» деді ол.

Ең сорақысы сол, құқық қорғау қызметкерінің жағдайы көбіне, қылмыстық авторитеттің жағдайынан әлдеқайда нашар болып келеді. Осы орайда кеше Парламент қабырғасында полицейлер үшін көңілсіз хабар жарияланды. «Қолданыстағы заң күрделі жағдайларда жұмыс жасайтын полиция қызметкерлерін лайықты деңгейде әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етпейді,-деп тұнжырады Ішкі істер министрі. - Тек биылғы жылы ғана құқық қорғау органының 12 қызметкері қаза тапты, 60 қызметкер жараланды. Осының кесірінен органдардан мамандар көптеп кетуде, «кадрлық діңгек» жұқаруда. Сыбайлас жемқорлық та осыдан. Біз құқық қорғау органдары туралы жаңа заңның жобасында әлеуметтік қорғау мәселелерін қарастырғанбыз. Бұл жоба қазір Үкіметтің қарауында жатыр» деген Қ.Қасымов сол жаңа заңжобада «ішкі істер органдары қызметкерлерін, жинақтаушы жүйесінсіз, толық мемлекеттік зейнетақылық қамтамасыз етуге көшіруді», «полиция қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етуді», «қызметкерге бір орыннан екіншісіне ауысқанда көтерме жәрдемақылар төлеуді», «отпуск-демалысын өткізетін орнына бару және одан кері қайту ақысын төлеуді», «жылына бір рет санаториялық-курорттық емдеу үшін өтемақысын беруді» ойластырғандарын термелеген. «Өкінішке қарай, заңның бұл тарауын, келісімнен өткізу кезінде, мемлекеттік органдар қолдамай тастады» деді Қалмұханбет Қасымов.

Ал полицейлер болса, кезектен тыс өткен қайта аттестациялаудан кейін жағдайларының күрт жақсартылуын күтіп отыр. «Елбасының Жарлығы бойынша жүргізілген кезектен тыс қайта аттестаттау аяқталды, - деп мәлімдеді кеше Қ.Қасымов. - Ішкі істер органдарында барлығы 75 мың 487 қызметкер қайта аттестаттаудан өтуге тиіс болатын. 2 мыңдайы сынақтан өтуден бас тартып, жұмыстарынан өз еріктерімен кетті. 73 мың 576 қызметкер қайта аттестаттаудан өткізілді. Соның нәтижесінде, 10 мың 769 адам «атқарып отырған лауазымдарына сай емес» деп танылды, оның ішінде 3 мың 938-і - «жұмыстан шығаруға», 2 мың 700-і - «лауазымында төмендетуге» ұсынылды».

Осы орайда Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов қайта аттестаттау кесірінен, құқық қорғау органдарында 20 жылдан астам еңбек сіңірген қызметкерлердің де зейнеткерлік қамсыздандырусыз жұмыстан қуылғандығын қынжыла жеткізді. ІІМ басшысы болса, бұл жерде «бір казус бар» дейді: «Егер ол аттестаттау алдында рапорт жазып, кететіндігін айтып, жұмыстан шыққанда, біз оған тиістінің барлығын, «выслугасын» да, басқасын да беретін едік. Алайда ол сынақ тапсыруға барып, өте алмаған екен, бәрінен жұрдай қалады».

Осы тұста күтпеген жаңалық айтылды: қайта аттестаттау қорытындысы қайта қаралады екен! Әрине, белгілі бір топ үшін ғана. «Жоғарғы аттестаттау комиссиясы шешім қабылдады: жеткілікті жыл еңбек сіңіргендердің («выслуга лет») және денсаулық жағдайы бойынша негіздермен жұмыстан кете алатындардың барлығына қатысты біз қазір қорытындыларды қайта қараймыз. Ал мұндай дәлелдері жоқтар¬дың барлығы «құралақан» жұмыстан шығарылады» деді министр.

Депутаттар көп тұрғындардың өздерінің учаскелік инспекторларын білмейтіндігін, сондықтан «өздерін танытуда белсендірек ету» үшін мұндай инспекторларды сайлауды ұсынды. Мұны министр «өте жақсы идея» деп бағалады. Ол - ол ма, бұл идея жақында жүзеге асырылмақ. «Биылғы жылы-ақ Ақтөбе, Павлодарда бірнеше учаскелік инспектор бойынша сайлау жүргізуге ұсынамыз, - деді Ішкі істер министрі. - Біз қазір полицияның қызметін «ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуы» бойынша ғана бағалаймыз. Енді бұған қоғамдық бақылау қосылғаны жөн. Қоғамның өзі полиция басқармасына баға беруі қажет. Осы баға бойынша біз, орталықта, сол полиция басқармасы бастығының қызметін бағалауға тиіспіз. Осыған орай жүргізілетін тиісті сауалнаманың формасын біз қазір пысықтаудамыз».

Ал Мәжіліс депутаты Айткүл Самақова әйелдерге «қырындауға» құмартушыларды жазалау мәселесін көтерді. «Сіздің министрлік әкімшіліктік заңнамаға әйелдерді жұмыстағы және қоғамдық орындардағы сексуалды дәмелену-емінуден (домогательство) және сөзбен қорлаудан қорғау үшін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отыр ма? Біз бірнеше жыл бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қабылдадық, ол бәлендей ештеңе бермеді». «Қылмыстық, Қылмыстық атқару және Әкімшіліктік кодекстерге өзгерістер енгізілетіндігін айттым, - деді министр Қ.Қасымов. - Сонда қажеттілік болса, қарастырылар. Әйткенмен, сөзбен қорлау - әйелдерді де, ерлерді де бірдей жәбірлейді. Сондықтан бұларды бөліп, жарып жатудың қажеттілігі жоқ».

Айтқандай, бүгінде МемДумада сондай заңның қаралуына орай Ресейде айтыс-талас жүруде. Мысалға, АҚШ-та дәріс үстінде студент қыздың аяғына ұзақ қараған профессор қызметінен қуылған. Шын мәнінде, нәпсісі қозып, қиялға батты ма, әлде назары кездейсоқ тоқтап, басқа бір қалың ойға шомып кетті ме, ақиқатын ажырату қиын.

Қалаулы Жексенбай Дүйсебаев ауылдықтардың малына көз сұғын қадаушылар мәселесін көтерді: «Ауылдық жердегі халықтың күн көрісі - мал. Соның өзін не қорасынан, не даладан, тіпті, табынымен айдап әкетеді. Ең өкініштісі, соның көбі табылмайды. Неге ондай қылмыстар ашылмайды? Ауылға барғанда осы сұрақ әрдайым қойылады» дейді ол. «Қорадан ұрланған мал бойынша біз 70 пайыз ашамыз,-деп сендірді Ішкі істер министрі. - Ал далада ұрланғандардың жағдайы қиындау. 50-55 пайыз деп санаймыз. Неге десеңіз, малын далаға жібереді де, 3-4 күн өткеннен кейін барып тексереді, жоқ болғаннан кейін бізге келеді. Әрине, бұл қиындау, ашуға. Біз шаралар қабылдап жатырмыз» деген министр «жазбаша жауап беруге» уәде етті.

Депутат Ерген Дошаев Ішкі істер министрлігін қылмысты ашу деңгейінің құлдырап кеткендігі үшін сынады: «2007 жылы қылмыстардың ашылу деңгейі шамамен 64 пайыз болды. Бүгінде бұл көрсеткіш 46 пайызға дейін құлдырады. Яғни, әрбір екінші құқыққа қарсы әрекет елімізде ашылмай қалады. Демек, «қылмыс үшін жаза бар» деген Фемиданың басты қағидаты іске аспайды».

- Міне, біздің полицияның деңгейі - осы! - деп ашық мойындады ІІМ басшысы Қ.Қасымов. -Қазір осы ғана бар, - деген ол, Германиядағы қылмысты ашу бойынша 2011 жылғы есепті келтірді: «Оларда ұрлық бойынша ашу - 24 пайыз. Біз олардан сұрағанбыз, «бұл - біздің деңгей, біз ары қарай жетілдіре береміз» дейді».

- Ерген жақсы сұрақ қойды, - деді «Үкімет сағатын» жүргізіп отырған вице-спикер Сергей Дьяченко. - Министр мырза, пәтер тоналғанда, шын мәнінде өте көп қызметкер келеді. Олардың арасында кімі жоқ дейсің?! Бірақ нәтижесі өте төмен. Адамдарды бұл өте толғандырады.

Министр ІІМ-нің барлық қызметін жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатқандарын айтты.

right]Мәлімет көзі: Елдос СЕНБАЙ
Аltaynews.kz[/right]




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив