Ресей азаматы бола тұра Қазақстан паспортымен жүргендер көп
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қос елдің азаматтығы бар қазақстандықтар туралы айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Министрдің айтысынша, 15 мың қазақстандық шекарадан шығып, заңды түрде Ресейдің азаматтығын алған. Бірақ бұл жақтағы құзыретті органдарға азаматтық алғандығы жайлы тіс жармапты.
– Олар бізге құжат өткізбестен, Ресейдің азаматтығын алады. Кейін тағы үн-түнсіз бері өтіп, зейнетақысын алып, өзге де қызметтерді пайдаланып жүре береді. Ресеймен арада келісімшарт болмағандықтан, бізге хабарланбайды. Мұны әлеуметтік қамтамасыз етуші мекемелерден білдік, – деді министр.
Министр бұл жағдайдан кейін Ресеймен келісім жүргізіп жатқандығын айтты.
– Ресеймен келісітік. Олар алдағы уақытта жауап беретін болды. Бұл бассыздықтың алдын алу үшін осындай келісімшарт керек. Мәселен, Тәжікстанмен келісімге отырғанбыз. Олармен арада мұндай мәселе жоқ, – деді Қалмұханбет Қасымов.