KZ
Өскемен
+27°
ясно жел 2 м/с, С
467.29 501.03 5.35

Олимпиадада қазақ елі 12-ші орыннан көрінді

13.08.2012, 18:00 186


Әне-міне дегенше әлемді әбігерге салып, санасында жылт еткен сәулесі бар жұмыр бастының бәрін бір сәт спорт деген сиқырмен дуалаған аламан мәресіне жетті. Бұл аламанда Алаш жұрты алпауыттар қатарынан табылды.

Алты үздігім - бір төбе,
Сәпиевім - бір төбе


Үш мың жылдық тарихы бар Олимпиаданың мерейлі отызыншы ойындары қазақ елі үшін өте сәтті басталған. Ойындардың екінші алтыны қырықтың қырқасына қол созған шайтанарба шабандозы Александр Винокуровқа бұйырған шақта «Иә, сәт!» деп тақымымыз-ды қыса қалғанбыз. Сол қысылған тақым 12-тамызға дейін бір босаңсымады. Анығырақ айтсақ, сайып-қырандарымыз босаңсытпады.

Араға он екі жыл салып, Сиднейдің күмісін Лондонның алтынына айырбастаған Александрдың жеңісті жолын ауыр атлетші Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза мен Светлана Подобедова жалғады. Зілтемірді ұршықша иірген толағайымыз Илья Ильин болса, төртжылдықтың тұғырын екінші мәрте бағындырып, тарихқа атын алтын әріппен қашай білді. Ауыр атлетиканың жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандарға сенсек, Ильяның ересен күші енді төрт жылға дейін сарқылмайтын көрінеді. Демек, ол Бразилияда өтетін ойындардың да алтынынан дәмелі.

Одан кейін жерлесіміз Ольга Рыпакованың үш аттап секіру сайысында үздік атанған сәтіне куә болдық. Ендігі үміт былғары қолғап шеберлерінде еді. Біз сенім артқан Данабек Сужановтан басқа барлық боксшылар күткеніміздей нәтиже көрсетті деуге негіз бар.

«Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, алтынға соңғы болып қол созатын ұландарымыздың мойнына артылған міндет ауыр болды. Айды аспанға шығарып, экономикасы өзімізден анағұрлым жоғары дамыған елдердің арасынан киіп-жарып орын тепсек те, Серік Сәпиевке қандай да бір қиянат жасалған жағдайда дәл бүгінгідей қуанбас едік. Қазаққа киелі жетінші алтынды алған боксшымызға әйгілі Вэл Баркер кубогы да берілді. Бұл жолы жолбарыс жүректі, сом білекті Серікті қырсық айналып өтті.

Өзінің басты бәсекелесі Андрей Замковойды жартылай финалда сүріндірген Сәпиевтің алтын алатынына күллі әлем сенгенімен, ағылшындардың келіскісі жоқ еді. Ақтық айқаста ол Фредди Эвансты бұрыштан-бұрышқа тықсырумен болды. Қазылар ағылшын боксшысына пышақ үстінен ұпай үлестіріп, Серік Сәпиевтің соққыларын санамай, қасарысқанымен, жекпе-жек 17:9 есебімен Серіктің жеңісімен аяқталды.

Солайша «Балқаш барысы» атанған Василий Жиров пен Бақтияр Артаевтың ақ жолын Серік Сәпиев жалғастырды. Ол сондай-ақ, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, Баркер кубогының иегері, кәсіпқой бокстың аңызы Рой Джонсқа еліктеп, оның ұрыс мәнеріне бекерден-бекер машықтанбағанын күллі әлемге дәлелдеді.

Жалпы, боксшыларға тек Олимпиада қарсаңында ғана берілетін аса мәртебелі кубокты ең көп иеленген ел АҚШ екен. Олардың бес бірдей боксшысы осы құрметті атаққа ие болса, қазақ былғары қолғап шеберлері үш мәрте үздік болып танылған. Бұл санатта біз екінші орындамыз. Үшінші орында – Куба мен Италия. Олардың еншісінде мұндай атақ қос-қостан. Американдықтар 5 мәрте Баркер кубогын иелену үшін 52 жыл тер төксе, қазақ боксшылары айналасы 16 жылдың ішінде үш мәрте әлемді мойындатып отыр. Жабылу салтанаты өткен күннің ертеңінде Сәпиевке төрт жылда бір рет берілетін кубоктың өз есімі ойып жазылған көшірмесі салтанатты түрде табыс етілді. Бізді «Шпион Бораттың елі» деп танитын батыс жұрты осылайша «Чемпион Серіктің елі» ретінде мойындады.

Лондон, саған өкпе жоқ!

Қоржынымызда жалғыз ғана күміс. Оның иегері – 81 келі салмақта жұдырықтасқан Әділбек Ниязымбетов. Әділбекте нағыз жеңімпазға керек қасиеттің бар екенін көріп, сүйсіндік. Сабыр мен салқынқандылық, шеберлік пен тәжірибе және сәттілік. Осы қасиеттердің бәрі ақтық сынға дейін Ниязымбетовтің бойынан табылды. Сөйтіп, үзіліс кезінде шаршы алаңда бар-жоғы білінбейтін Мырзағали Айтжанов өзіне берілген міндетті мүлтіксіз орындап, бір алтын, бір күміс, бір қоланы қоржынымызға салды. Оған Марина Вольнованың қола медалін тағы қосыңыз.

Қалған үш қоланың екеуін еркін күрес шеберлері, біреуін грек-рим балуандары еншіледі. Соңғы қоланы алған Ақжүрек Таңатаров түрік Рамазан Сахинді тізе бүктірген болатын.

Осылайша көрік кеуде оғландарымыз бен намысшыл қыздарымыздың арқасында 13 медальмен жалпы есепте 12-орынға жайғастық.
Ойындардың жабылу салтанатын тамашалай отырып, қазақ үшін аса табысты болған XXX Олимпиадаға қимай-қимай қош айттық. Салтанат әйгілі Биг-Бен сағатының Олимпиада стадионында орнатылған көшірмесінің қоңырауынан басталды. Лондонның қағазбен кестеленген бейнесі көрсетіліп, Уинстон Черчилл мен патша әулеті жұрт алдына «шықты». Madness, Pet Shop Boys, One Direction, Fatboy Slim, Spice Girls, Queen, Oasis сынды жұлдыздардың өнеріне тәнті болған жұмыр жер тұрғындары халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Роггенің отызыншы Олимпиада ойындарының жабылғанын ресми түрде жариялап, Лондонның мэрі Борис Джонсон Рио-де Жанейро қаласының басшысы Эдуардо Пауеске Олимпиада туын табыс етті. Олимпиада алауы өшіріле сала салтанат мерекелік отшашуға ұласты.

Осылайша Лондон ойындарын да тарих қойнауына шығарып салдық. 204 елдің 10 мыңнан аса спортшысы 304 медаль жиынын сарапқа салды. Бұл Олимпиадада тұңғыш рет нәзік жандылар спорттың барлық түрлері

бойынша медаль таласына түсті. Он екінші жылдың он екінші тамызында мәреге жеткен Олимпиада ойындарында он екінші орынға табан тіредік. Қазақтың асығы алшы түскен ағылшын жеріндегі додадан кейін арқаны кеңге салып, қалыптасқан жеңісті жолдан адасып қалмасақ болғаны.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив