ШҚО-да екі гидроэлектростанса салынады
Шығыс Қазақстан облысында екі гидроэлектростанса салынады. Жобаға қытайлық компания инвестор болуы мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев бастаған Шығыс Қазақстан делегациясының China huadian Corporation компаниясының өкілдерімен кездесуінде айтылды. Аталмыш мемлекеттік кәсіпорын электр энергиясын өндірумен, көмір өндірумен, ғылыммен және өнеркәсіппен, сондай-ақ алтын өндірумен айналысады. Бүгінде әлемдегі ең үздік 500 компанияның қатарына кіреді және Қытайдағы табиғи газ электр энергиясын өндіруші негізгі оператор.
Компанияның энергетика саласындағы тәжірибесі Шығыс Қазақстанда ГЭС салу кезінде пайдаға жарайтыны анық. Қуаты 51,4 МВт болатын екі станция салу жоспарда бар. Гидроэлектростансалардың бірі Катонқарағай ауданында орналасады. Екіншісі – Алтай ауданында, Бұқтырма бойындағы Богатырево ГЭС-1.
Айта кетейік, бұған дейін өңір мамандары Тұрғысын ГЭС-1 құрылысы кезінде қытайлық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеген, яғни бұл мәселеде тәжірибе бар.
Сондай-ақ қазір Үрімші-Өскемен тікелей әуе рейсін іске қосу мәселесі пысықталып жатыр.