KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 3 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Ұстазымды бір көрсем деп армандап жүр едім...

4.06.2012, 18:00 86


Адам баласының жаратылысы қызық. Мен кейде олардың көп әрекеттерін түсінбей қаламын. Біреу жанымызға қаяу түсірсе, оны ешқашан ұмытпаймыз. Ал біреу жақсылық жасаса, ондайды оңай ұмыта саламыз. Осы ғұмырымызда бір биіктікті бағындырсақ, сол дәрежеге өз күшімізбен жеткендей-ақ мәз-мейрам боламыз. Шын мәнінде осы күнге аман-есен жеткеніміз үшін Алла тағаланың қалауымен керек кезде жанымыздан табыла білген қаншама адамдарға қарыздармыз?! Күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүріп, олардың бірін есімізге алсақ, бірін ұмытамыз. Бірақ өмір әрқашан әділетті. Егер қажет болса, нағыз құрметке лайықты жандарды тағдырдың өзі әртүрлі жолдармен есімізге салады екен. Бұған талай рет көзім жетті.

Өскемен қаласындағы №3 көпсалалы гимназияда педагогикалық іс-тәжірибеден өтіп жүргенмін. Әр оқушының көңілінен шыға білу, бір уақытта бәрінің назарын өзіңе аударта білу, мен ойлағандай оңай дүние емес екен. Әдетте мектепте түске дейін жүретін мен, бұл жолы түстен кейінгі уақытта да қалатын болдым. Мен отырған кабинетке 4-сыныптың оқушылары кіре бастады. Соңғы партада оларды үнсіз бақылап отырмын. Бақылап отырмын дегенмен, ойым мүлде басқа жақта. Өзімнің туған жерімде бастауыш сыныпта оқып жүрген кездерім көз алдымнан бейнетаспадай сырғып өтіп жатыр: кіруге соғылған қоңырау үні, оқушылардың сыңғырлаған күлкілері және құлаққа жағымды әсем дауысымен барлық оқушылардың жүрегіне жол таба білген мұғаліміміз – Айгүл Тәшенова. Ол кіріп келгенде, сыныпта сіркіреп жауған жауынның тоқтап қалғанындай тыныштық орнайтын. Бойымызға сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар сіңіріп, жарқын болашағымыздың іргетасын қалай білген ұлағатты ұстазымды бір көргім келді. Оны көрсем бойымды шаттық кернеп, жүректің түбінде жатқан зор алғысымды айтар едім деп ойладым. Кенет, «Сәлеметсіңдер ме?!» деген таныс үн ойымды бөліп жіберді. Дауыс шыққан жаққа жалт бұрылсам, бір көруді армандап отырған Айгүл апайым мұғалім отыратын орынға жайғасып жатыр. Өңім бе, түсім бе дегендей, есеңгіреген күйде тұрып қалдым. «Бастауыш сыныппен қоштасқаныма он жылдан асты. Он жылда оның алдынан қаншама шәкірт тәрбиеленіп шықты. Мені есіне түсіре алар ма екен?» деген күдікті оймен мұғалімімнің жанына жасқана жақындай бердім. Мен ойлағандай болмады. Иә... ұстазымның жүрегінің кеңдігі сондай, ешқайсымызды ұмытпапты. «Мен сіз үшін көп шәкірттердің бірі ғана болармын, бірақ сіз мен үшін көп ішіндегі бірегейісіз!» деген сөздерді жүрегім айтып тұрды...

Зарина Долатай




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив