KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
480.5 534.22 5.18

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі: - Әр қазақ өз-өзіне ие болуы керек

10.05.2012, 18:00 275


Хамит пен Құдіре жолықса, әуелі Құдіреге сәлем беремін

– Досхан аға, сіздің даусыңызды естісек, әдемі әуен естігендей боламыз. «Дауыс дегеніміз, – бұл жүрек сөзі» деп жатады. Осыған келісесіз бе?


– Адамның ағзасындағы, адамның бойындағы бүкіл әдет, мінез, құлық осының барлығы бір арнаға саятындығына сенемін.

Ол – адамның мінез-құлқының қалыптасуы. Максим Горький: «Адамның көзі – адамның жүрегі» деп айтқан екен. Сол секілді дауыстың да мінезден хабар беретіні бар. Менің кәсібім актерлік кәсіп болғаннан кейін дауыстың барлығы соған ықпалданады. Шыны керек, өнерге алғаш қадам басқанда біреулердің дауысын салуға тырыстық. «Шіркін-ай, дауысым осы кісінің дауысындай болса екен!» деген кезеңдер де болды. Ән айтатындығымыз да бар. Мына желбезек құрғырдың өзі – жаттығуды талап ететін ағзалардың бірі. Қалыптасуы осыдан болған болар. Кейде адамның үні жылы болып тұрып, мінезінің шатақ болуы да мүмкін. Дей тұрғанмен, көрермен менің дауысымды іздейтін болса, ол да менің кәсібімнің бір сипаты ма деп ойлаймын.

– Досхан аға, біз сізді Хамит бейнесінде елестетіп өскен ұрпақпыз. Өткен күнге бір сәт көз жіберсек. Хамит пен өмірдегі Досханның арасында ұқсастықтар болушы ма еді?

– Болуы мүмкін. Өйткені, ананың сүті, әкенің қанымен дарыған мінезім бар. Ол кісілердің мінезі бір-біріне қарама-қайшы болды. Әкем әбестікті, әділетсіздікті қабылдай қоймайтын және бетіңе басып, шарт еткізіп айтып тастайтын еді. Кино әлеміне келуіме бірден-бір себеп әкемізден қалыптасқан мінез деп ойлаймын. Абдолла Қарсақбаев ағамыз байқауда 14-ке тарта актерді сынап көрді. Солардың арасынан кебенек ішінен танығандай мені таңдап алды. Көркемдік кеңестің құрамындағылар: «Мынау жас актер ғой, осындай үлкен рөлді алып шыға ала ма?» деп маған қарсы болыпты. Бірақ Әбекең: «Мен саған сендім, егер дұрыс ойнай алмасаң, менің алдымда жауаптысың» деді. Міне, осындай сенім артып тұрғанда мен қалай барымды салмайын? Әбекеңнің аруағының алдында қарыздармын. Себебі, үлкен аудиториясы бар салада танылуыма септігін тигізген – «Бандыны қуған Хамит» киносындағы Хамиттің рөлі. Жастар мені сол арқылы біліп жатса, Хамит пен Досханның бойында ұқсастықтың бар болуында шығар. Бұрын маған: «Хамит пен Құдіре келе жатса, ең бірінші кімге сәлем бересіз?» деген сұрақ қойылды. Мен: «Құдіреге» дедім. Себебі, Құдіре – еркін даланың еркебұландарының бірі. Бүгінгі көзқараспен қарайтын болсақ, Хамит идеологиясы мықты кеңес қоғамының мүшесі. Дегенмен, Хамит – менің актерлік жолымдағы орны бөлек дүние. Мені Хамит деп таныса, мен ешқашан арланбаймын. Бұл – маған ыстық. Хамитті кім көріпті?! Бірақ томаға-тұйық заманда томырық өскен бала екені, солай қалыптасатыны логикаға саятын дүние. Мамыражай мезгілде туып, ішерім не, киерім не дейтін баланың өсуі басқа да, қатқыл заманда, жоқшылықта өскен баланың мінезі өзгешелеу болады. Сол себепті, Хамиттің рөлі менің мінезіме жақындау болғаны рас.

– Қазақ киносының қоржы-нын толықтырған фильмдердің бірі – «Біржан сал». Бір сұх-батыңызда: «Біржанды» біреулер ойлағандай сән-салтанатымен, үлде мен бүлдеге орап, әндерін айтқызып, әп-әдемі күйінде түсіруге болар еді. Ал менің көздегенім бұл емес» депсіз. Сіздің көздегеніңіз не еді? Және сол көздеген мақсатқа жете алдыңыз ба?

– Бірден айта кетуім керек, негізі көздеген мақсатқа жеттік. Өнер – бұл шексіз әлем. Киноны көріп алып, ал енді қайтадан түсіресің бе десе, кейбір жерін қайтадан түсіруім мүмкін. Бірақ, таспаға түскеннен кейін бұл енді мәңгілік болып, осылай қалады. Өзім сүйіп көретін алғаш шыққан кинолардың бірі – «Қыз Жібек» пен «Біржан салдағы» киім-кешекті салыстыруға болмайды. «Қыз Жібектегі» киім театрға жақындау. Үлде мен бүлде дегенде осыны айтқым келген. Бүгінде біз киноны осы киімдермен шығаратын болсақ, көзге оғаш көрінетін еді. Біз киімді мейлінше кейіпкер ғұмыр кешкен заманға жақындаттық. Бәрі табиғи болуы керек. Сондықтан да Біржан салдың киімі әлем-жәлемнен қашты деп ойлаймын. Маталардың барлығын Қытайдан, Сингапурдан іздетіп, тапқыздым. Мұның бәрі бекер емес. Ал негізгі мақсат Біржан сынды үлкен суреткердің болмысын ашу еді. Біржанды заман оза тағы біреулер сомдағысы келер, ол кездегі оған салынатын салмақ өзгешелеу болуы мүмкін. Қолына домбыра ұстатып, жанына қыз-жігіттерді шұбыртып, таңертеңнен кешке дейін ән айтқызып та түсіруге болар еді. Бірақ бұл – киноның міндеті емес. Бұл деректі кинолардың міндеті. Ал көркемдік киноның беретін тағылымы мол болуы керек. Көрермен бұлғаңдап келіп, ойланып қайтса екен дейміз. Кез келген өнердің алдына қойған мақсаты солай болуы керек деп ойлаймын. Менің алдыма қойған мақсатым Біржан сал әнші, композитор, сонысымен қатар үлкен кемеңгер екенін көрсету болатын. Соны көрсете білгендеймін. Бұл жерде билік пен тұлға, билік пен суреткердің арасындағы тартыс, сезімдегі арпалыс, туған-туыспен түсініспеушілік, қоғамға, келешек жасқа айтар ой үлкен тебіреніспен, толғаныспен айтылды деп ойлаймын. Сондықтан да болар, «Біржан сал» көрерменін тапты, таба да береді.

Сахнадан гөрі көрерменнің арасында жүргенді ұнатамын

– Кейде мынандай қызық сауал туады. Өзіңіз көрермен ретінде қойылымға баратын кезіңіз бола ма? Себебі, адам рухани әлсіресе, қуат алғысы келсе, театрға бару керек деп жатады. Ал театр актері жаны құлазыса, рухани азықты қайдан алады?

– Әрине, мен неге екенін білмеймін, кейде сахнадан гөрі көрерменнің арасында жүргенді жақсы көремін. Кез келген қойылымды көргім келеді. Сахна – актер болам деген пенденің шыңдалатын, оң-солын танитын, өнердің қиыншылығын сезетін, содан барып үлкен тұжырым жасайтын орын. Оның қасиеттілігі де сонда болу керек. Себебі, сен бүгін етікшіні сомдасаң, ертең Президентті сомдауың мүмкін. Мұның бәрі, ең алдымен, сөзді, дауысты емес, үлкен ойды бере білер қимыл-әрекетті талап етеді. Әр актер үшін театрдың орны бөлек. Мен үшін де солай.

– Елдің ертеңі жастар дейміз. Жастар жайында не айтасыз?

– Ұлттық пошым, ұлттық сана, намыс, жігер. Міне, осы қадау-қадау қасиеттердің барлығын жастардың бойынан көргім келеді. Үлкендер «Біздің кезімізде, баяғыда... әй, сендер» деп сөйлеуші еді. Бұл енді әр ұрпақ өзімен бірге ала келетін қағида сияқты дүние. Жалпылама іс-әрекетке, мінез-құлыққа, киім үлгісіне әр заманның алып келетін өз жаңалықтары болады. Бұл – басқа дүние. Менің айтайын дегенім, ұлтқа тән дүниелер. Шіркін-ай, қазағым қашан қазақы қалжыңмен әзілдесер екен? Қылыш емес, сөзге тоқтаған ұлтпыз ғой. Үлкенді сыйлау, қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынас, ұлттық мінез, тіл деген қасиеттер қашан қазақтың басында дербес жүре алар екен?

Кейде мега-сауда орталығына келіп, пұшайман болып қайтамын. Айналаңның барлығы тек орысша сөйлейді. Бір-екеуіне сыпайы түрде: «Менің мына қыз-ұлым не болады? Бесіктен белі шықпай, орысша сөйлеп жатыр...» деп айтып көріп едім: «Шаруаң болмасын, сен кімсің?» дегендей мінездерін көрсетті. Намыстанады. Бұл нені меңзейді? Бұл намысымыздың жоқтығын көрсетеді. Әрине, нан да табылар, киім де табылар, мемлекетіміз де өсіп, өркендер. Бірақ, егемендігіміздің баянды болып, қазығы қатты қағылатынына кім кепіл? Кім бүгін солай болады деп бел шешіп айта алады? Мен айта алмаймын. Өйткені, ұлттық санамыз төмен. Мұхтар Шаханов төлқұжат туралы айтып, жаға жыртысып жатты. Ол – түк емес. Төлқұжат деген не, тәйірі? Бүгінде көбінің төлқұжатында қазақ деп жазулы тұр. Одан не өзгерді? Ол қазақы ойлай алмаса, қазақы пайымы болмаса, одан не пайда? Құжатты былай қойып, маңдайына қазақ деп мөр басып бер. Одан не өзгереді? Мені осындай ұлттық сана жөніндегі жайттар алаңдатады.

– Өзіңіз қазақы рухта тәрбиелендіңіз. Cіз сияқты қазақы ортада өскен көптеген азаматтарымыздың балалары шүлдірлеп, орысша сөйлеп жүреді. Тіпті, қазақтың исі мұрнына бармайтындары да бар. Осы ретте сіздің балаларыңыз қалай тәрбиеленіп жатқанын білгіміз келеді.

– Екі ұл, бір қызым бар. Бәрі қазақша сөйлейді, қазақша ойлайды, әрқайсысының ұлттық намыстары бар. Екінші ұлым мен 3-сыныпта оқитын қызым өлең жазады. Кішкентай қызым бір күні тұрып алып: «Әке, мен Әлихан Бөкейханов туралы өлең жаздым» деді. Оқыдым. Әрине, кей жерінің ырғағы бөтен, кемшін тұстары бар. Бірақ, өзегі ғажап. Әлихан Бөкейханов арқылы білімнің, қазақы намыстың керектігін, қазақы болмыстың қажеттігін айтады. Тағы бір өлеңінде су туралы жазыпты. Қаншама ақынды білемін, бірақ су туралы жазған ақынды оқымаппын. Қызымның су туралы өлеңінің ішкі ойы керемет. Міне, мысалды алыс-тан іздемей-ақ қояйын. Бәрінің баласы осылай өлең жазып кетсін демеймін. Бірақ, тәрбие заңды болуы керек.

Сиырымыз жоғалса, Үкіметтен, тереземіз сынса, Елбасынан көргенді қою қажет

– Тәрбие заңды болу керек дегенді қалай түсінсе болады?


– Біз мінбеге шығып алып, көкірегімізді ұрып, аузымызды көпіртіп жатамыз. Мұның барлығы бекер. Алдымен бесігіңді түзе! Тәрбиенің заңды болуы бесіктен. Сол айғайлап жүргендердің бала-шағасы бір ауыз қазақша білмей, шетелде тентіреп жүргенін білеміз. Олардың мақсаты – үлкен қазаннан ауыз тиіп қалу. Сүйек лақтырса, соған мәз болып, аузын жабады. Құдай осындайдан сақтасын! Бізде әлі құлдық пиғыл, құлдық мінез бар. Ар жағында дымы жоқ болса да әсіре сөйлеу, өзі жарымай тұрып, ақылшы болу сияқты жайттарды көріп, наразы боласың. Жасың ұлғайған сайын бәрін басқаша түсініп, аһ ұрасың. Амал қанша? Ойланатын жайт өте көп. Бұған ешкім көмектесе алмайды. Оған ие – тек қазақ. Қазақ өзіне өзі қарасын. Сиырымыз жоғалса Үкіметтен, тереземіз сынса, Елбасынан көруге әбден үйреніп алдық. Мұндайды қойып, әр қазақ өз-өзіне ие болуы керек. Алғаш дүниеге келіп, көзін ашқаннан кейін осыны үйрену керек. Сондай күн қашан келеді? Қашан қазақ бір-бірінің қадіріне жетер екен? Кебенек ішінен танып, келешек ұрпақ үшін есік тоздырып, құлақты қашан сарсытады? Қашан?

Галстук таққандардың бәрі Елбасының алдына барса, күйттейтіні өзінің тірлігі. Оны да түсінуге болады. Бірақ, Құдай-ау, үйсіз-күйсіз, қызметсіз жүрген жастарды кім ойлайды? Айтып, айтпай не керек? Жақсылығымыз, әрине, бар. Оны ешкім алып кетпейді, өзімізбен қалады. Бірақ, келеңсіз жағымыз басымырақ. Он жақсылығыңның ішінде бір келеңсіз мінезің, келеңсіз әдетің болса, сол келеңсіздік барлық жақсылықты шайып кетеді. Өйткені, «Қоңырауды алып ой шіркін, сыңғырың жақсы қуыс екенсің ғой» деп Абай атам айтпақшы, сондай қасиеттерді байқағаннан кейін ой өзгереді, пайым өзгереді.

– Сөз реті келгенде отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз...

– Бүкіл запыранды далаға шығарып, жұмаққа кірем-ау дейтін жер – отбасың. Мен балаларымнан көбірек әсер аламын. Әр апта сайын тәулігімді қызыма арнаймын. Әр апта сайын бір жерге бірге барамыз. Екеуміз сөйлесеміз. Балаларымның барлығына кіш-кентай күнінен ертегі айта бастадым. Қазір балаларымның өздері ертекшіл. Жарым Қаракөзді де халық біледі. Жар ретінде де, өнер адамы ретінде де бағалаймын. Біз үшін қашанда отбасы деген түсінік алғы шепте. Біз де қарапайым көп отбасының біріміз.

– Аға, сізді түлетіп, өсірген туған жердің топырағына қандай өтеу жасай алдыңыз?

– Мен енді бір нәрсе апарып салатын кәсіпкер емеспін. Қолымнан келетіні – айтулы шараларға уақытында барып атсалысып, ауылдың жақсысын асырып айту. Осыдан бірер жыл бұрын «Туған жерге – тағзым» деген жоба бо-йынша туып-өскен үйімізге апарып, телеарнаға түсірді. Менің ауылым Зайсан көлінің жағасында орналасқан. Елге барғанымда ондағы азаматтардың жастар үшін еш аянбайтынына көзім жетті. Әлеуметтік жағдайы төмен жанұялар үшін тегін балабақша салыныпты. Оның ішінде бүгінгі заманға сай етіліп бар жағдай жасалынған. Айта кетерлігі, қақаған қыстың сары аязына қарамастан мектепте сабақ үзілмеген. Сол мектепке оқушылар қалың етігімен келіп, ішке кірген соң басқа аяқ-киім ауыстырады екен. Себебі, мектептің іші жып-жылы. Осылайша Шығыс өңірінде бірқатар игілікті істер атқарылуда. Мен үшін туған елім қай кезде де ыстық. Ауылда әке-шешемнің көзін көргендер бар. Ол кісілер ауылға барсам ерекше күтеді, сыйлап жатады. Балалар мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсу үшін елден қалаға келіп жатса, көмектесіп тұрамын. Ауылға барғанда кей балаларға ен салып, мына баланың кейін өнер ордасына келуіне өзіміз атсалысайық деп жатамын. Туған елге деген көңілім бір мысқал да бұзылған жоқ. Керісінше, жас ұлғайған сайын туған жерге деген пейіл басқаша айқындалады екен. Ұлдарым ауылымды көрген. Енді қызымды Зайсан көліне түсіріп, туып-өскен жерімді көрсетсем деймін.

Құнанбайды қазаққа қайтарамыз

– Алдағы уақытта еліңізге тағы қандай сүбелі еңбек ұсынсам дейсіз?

– Бір сценарий бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қолымыздан келіп жатса, тарихтағы Құнанбайды қазаққа қайтарсақ дейміз. Өйткені, Құнанбайдың орны әлі үңірейіп тұр. Біз білетін Құнанбай «Абай жолындағы» шынжыр балақ, шұбар төс, шонжар Құнанбай. Құнанбай ондай болса, дана Абай шығар ма еді?! Құнанбай – қазақ үшін Қарқаралыға медресе, Меккеге үй салған кемеңгер. Бүкіл қазақты отырықшылыққа баулып, еңбекке үйретсем деген мемлекетшіл Құнанбай. Міне, қолымыздан келіп жатса, сол Құнанбайды қазаққа қайтарсақ деген ниетіміз бар. Бәрі оңымен болса, келесі көктемде түсірілім жұмыстарын бастасақ па деген ойдамыз.

– Досхан аға, жоғарыда ел ертеңі болар жастар жайындағы әңгімеңізде ұлттық тәрбие жөнінде айттыңыз. Өзіңіз ұрпақ тәрбиесіне қалай атсалысып жатырсыз?

– Осыдан бір айдай бұрын өзімнің дайындауыммен «Қазақ-тың халық ертегілері» таспа жарық көрді. Мұны мен осыдан 12–14 жыл бұрын әзірлеп, Білім және ғылым министрлігіне дейін бардым. Өкінішке қарай, ол кезде өткізе алмадық. Содан жылдар өтті. Сөйтіп, демеуші азаматтар табылып, жарыққа шықты. Балалар үйлеріне тараттық. Қазір «Қазақтың халық ертегілері» деген атпен сатылымда бар. Ішіне өзімнің оқуыммен 30–40 ертегі топтастырылған.

Бүлдіршіндерге арналып, ана тілімізде жарық көріп жатқан осындай құнды дүниелерді қазақтар қаншалықты керек ететінін білмедім. Бүгінде қазаққа ол да сын. Болашақ ұрпақтың тәрбиесіне келгенде барлығы немқұрайдылыққа салынып кеткендей. «Өмір сүру үшін ішіп-жейсің бе, ішіп-жеу үшін өмір сүресің бе?» дегендей, бүгін сол ішіп-жеудің төңірегі басымырақ па деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив