KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 2,3 м/с, ОШ
480.5 534.22 5.18

RADIO ALTAY жаңалықтары - 27 сәуір 2012 жыл

26.04.2012, 18:00 124


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY


Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы өздерінің дербес газеті мен интернет-сайтының тұсаукесерін жасады. Енді көкейде жүрген сауалдарды қою үшін жұртшылық қабылдауға келмей-ақ ғаламтор желісі арқылы жолдауына болады. Ал «Шығыс үні» деп аталатын басылым партиялық жұмыстарды жариялаумен қатар, әлеуметтік-экономикалық және адамгершілік тақырыптарды да көтереді.

Өткен жылы облыс басшылығының бастамасымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз ету, мамандық беру мақсатында «Мейірім» акциясы басталған болатын. Акция барысында бүгінгі күнге дейін жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 501 баланың атына есепшот ашылып, оларға барлығы 12 миллион 700 мың теңге аударылып отыр.

Ұлан ауданы І.Айтықов ауылындағы негізгі мектепте жазушы, партизан, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтың туған күніне орай еске алуға арналған «Ер бейнесін естеліктер сомдайды» атты аймақтық оқулар өтті. Жиналған қауымға туыстары батырдың балалық шағы туралы естеліктерін айтып берді.

Өскеменде бір тәуліктің ішінде 7 саяжай өртенді. «Восточник-5» саяжай бірлестігінде 1 гектар алқаптағы құрғақ шөп жанып, от жақын маңда орналасқан 7 саяжай учаскесін жалмады, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Өрт сөндірушілер жалынды екі сағат бойы сөндірді.

Бородулиха ауданының орталығындағы қазақ орта мектебінде "Туған тілім - сарқылмайтын қазынам" атты жазба ақындардың аудандық мүшайрасы өтті. № 1 Жезкент орта мектебінің мұғалімі Еңлік Құндызбаева бас жүлдеге ие болды.

"Өскемен-Водоканал" тазарту үймереттерінің қолқаны қабатын жағымсыз иісіне қарсы аэрозоль бүріккіш сатып алды, деп хабарлайды Алтайньюс сайтының тілшісі. Бүріккіштің алғашқы сынағы ойдағыдай өтті. Аэрозоль топыраққа түскенде жағымсыз иіс шығаратын бактерияларды жояды. Бүріккіш жаңа канализациялық құрылғыларды төсеу жұмыстарында ғана қолданылады.


Таңертңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

RADIO ALTAY жаңалықтары - 27 сәуір 2012 жыл«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастамасымен «Киелі мұрамызға – тағзым» атты республикалық акция өтеді. Акция аясында әйгілі Ақбауыр тарихи-мәдени ескерткіш кешенінде аспан астындағы мұражай салу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, жоңғарлар мен қазақтар бітімге келген Мамырсу-Қандыжап оқиғасы орын алған тұсқа да арнайы белгі қою жоспарда бар көрінеді.

Ұлан ауданы Өскемен ауылдық округіндегі «Екімбаев» шаруа қожалығы көктемгі егіс жұмыстарына белсенділікпен кірісіп кетті. Қазір пияз егу жұмыстарымен айналысуда. Шығыс Қазақстан облысының тұрақтандыру қорына бұл шаруа қожалығы өз қоймасынан күн сайын 10 тонна картоп, 5 тонна қырыққабат жеткізіп беріп, Өскемен қаласының тұрғындарын қол жетімді және сапалы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Бес жасар қызды зорлады деген күдікпен Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны ұсталды деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің Баспасөз қызметінің басшысы Нұрділда Ораз. Оның айтуынша, Риддер қаласының 33 жастағы тұрғыны қолға түсіріліп, қамауға алынды. Зорлау фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.

Курчатов қаласында Шығыс Қазақстан облысындағы Достық үйінің құрылуының 20- жылдығына орай «Достық керуені» акциясы өтті. Мәдениет үйіндегі көрмеде ұлтық киімдер, қол өнері шеберлерінің бұйымдары ұсынылды. Акция соңы көркемөнерпаздар ұжымдарының концертімен жалғасты.

Күршім ауданы Теректі ауылындағы Мәдениет үйінде «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын, сазгер Нәбиолда Кемешовтың «Ата-ананы ардақта» атты поэзия кеші өтті. Аудан мәдениетін дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген өнерлі азамат кешке жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Жарма аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту бөлмелерін жабдықтады. Мүгедек балаларға арналған сауықтыру-әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі өз жұмысын бастады.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив