ШҚО әкімі жол бойындағы сервис мәселесін сынға алды
Аймақтың бірегей табиғи-климаттық жағдайларын ескере отырып, келешекте туристік саланы Шығыс Қазақстанның даму драйверлерінің біріне айналдыру - бүгінгі күннің басты міндеті.
Қазіргі таңда облыс экономикасындағы туризм үлесі шамамен 2-3%-ды құрайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
- Сала дамудың оң серпінін көрсетіп отыр. Ағымдағы жылдың басынан бастап ішкі туристер саны 22,4%-ға, орналастыру орындарымен көрсетілген қызметтер көлемі 84,7%-ға, инвестициялар көлемі – 10,2%-ға өсті, - деді облыстық әкімдіктің отырысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұманова.
Айта кету керек, ағымдағы жылы туризм саласына инвестициялар18 млрд теңгені құраған.
- 18 миллиард теңге жалпы облыстың туризм саласын дамытуға бөлініп отыр. Ол аз ақша емес. Алайда ақшаның қалай игеріліп жатқаны бәріне қызық, - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы біздің өңірде жол бойындағы сервиске, гигиеналық бөлмелерге мүлде көңіл бөлінбегенін тілге тиек етті. Ал бұл туризмді дамытуға әсер ететін факторлардың бірі.
- Жол бойындағы дәретханалар мен дәмханалар – бұл да бизнес. Тұрғындарымызға осы бизнесті қолға алуды үйретіңіздер. Оларға жағдай жасаңыздар, - деді облыс әкімі.
Оқи отырыңыз