Өскеменде тұрғын үй төлемдерінің қарызы көбейіп кеткен
Облыс орталығы Өскеменде 1799 көп қабатты тұрғын үй болса, соның 1753 і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі күні бұл үйлердің 40 пайызы қысқы жылыту маусымына дайын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
-Былтырғы осы уақытта тұрғын үйлердің 33 пайызы қысқы маусымға дайын болған. Баспаналардың дайындық жұмыстары биыл қарқынды жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай, тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындауға кедергі болып тұрған жайттар да бар. Ол - тұрғындардың эксплуатациялық шығындар төлемін мерзімінде төлемей отыруы. Қала тұрғындары пәтер иелері кооперативтері мен ОСИ алдындағы коммуналдық төлемдерін, қарыздарын уақытында төлемесе, қысқа дайындық жұмыстары кешеуілдей береді. Әр аптаның бейсенбісінде аймақтық басқару орталықтарында тұрғын үйлерді басқару өкілдерімен, жылу жүйелері өкілдерімен үйлердің қысқа дайындық барысы жөнінде штаб отырысы өткізіліп жатыр. Штаб отырысында проблемасы бар тұрғын үйлердің мәселелері жеке қаралып, шешілуде,-дейді Өскемен қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Бақыт Амантай.
Алла Лоскутова басқаратын Өскемендегі «Восток-39» пәтер иелері кооперативіне 36 көп қабатты тұрғын үй қарайды. Осы уақытқа дейін кооперативке қарасты 27 үйдің ішкі жылу жүйелері ретке келтіріліп, жөнделген, олар қысқа дайын. 9 үйдің жылу жүйелері қалыпқа келтіріліп жатыр.
-Біздің ПИК тің эксплуатациялық төлемі пәтердің әр шаршы метрі үшін бар жоғы 32 теңге 55 тиын. Қаладағы ең төмен тариф біздің коопертивте. Соған қарамастан тұрып жатқан пәтерінің коммуналдық төлемін төлемей отырғандар аз емес. Тұрғындардың коопеартив алдындағы төлем қарызы 10 млн. теңгеден асты. Көп үйлердің қысқа дайындығы осы қайтарылмаған қаржыға қарап тұр. Қарызды қайтарту жағы да қиын, соттар бүгінде біздің талап арыздарымызды қабылдамайды. ПИК тарифі төмен болғандықтан, жұмысшы мамандардың еңбекақысы да төмен, сол себепті коопеартивте маман жеткіліксіз, тұрақтамайды. Газбен дәнекерлеушілер, слесарь- сантехниктер аса қажет. 12 аула сыпырушы қажет болса, бізде 4 аула сыпырушы ғана бар. Тұрмысымыз сәнді, мәнді, жақсы, жайлы болу үшін тұрып жатқан шаңырағымызды күтіп ұстауға, сақтауға бей -жай қарамауымыз керек,- дейді «Восток-39» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Алла Лоскутова.
Оқи отырыңыз