Глубокое ауданының көп қабатты тұрғын үйлері қысқы жылыту маусымына, қыс қамына көктемнен бері кіріскен. Кенттегі 43 көп пәтерлі тұрғын үйлердің басым бөлігі қазіргі күні төбе жабындыларын, жертөледегі су құбырларын ауыстырып, қысқа әзірлікті аяқтап қалған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кенттің Пирогов,8 көшесіндегі 80 пәтерлік тұрғын үй қысқа толықтай дайын. Бұл тұрғын үй 2021 жылдан бастап тұрғын үйлерін жаңа басқару жүйесі- «жай серіктестік» негізінде басқарып келеді. Серіктестік құрылып, бір үйді басқару осы баспанада тұрып жатқан тұрғындардың өз құзіретіне берілгеннен кейін, әр пәтердің иесі ортақ мүліктерінің игілігі үшін бірлесе жұмыс істеуге көшкен.
- Үш жыл ішінде шатырды, жертөледегі жылыту құбырларын толық қайтадан ауыстырып, жаңалап салдық. Келесі жылы үйге тартылған негізгі құбырларды жаңаламақпыз. Қазір осы негізгі құбырларды жаңалауға ақша жинап жатырмыз. Өзіміздің баспанамыз өзімізге ғана керек. Бұл біздің жеке меншігіміз. Тұрғындардың бәрі, көршілеріміз өз үйіміздің жағдайын жақсартуға бір кісідей жұмылып, қажетті қаражатты жинап жатыр. Осындай түсіністіктің арқасында ескі үйіміздің тозған жылу құбырлары жыл сайын жаңаланып жатыр. Жаңа құбырлардың қызмет көрсету уақыты да ұзақ, әрі сапалы. Жылуды жақсы ұстайды. Соның нәтижесінде былтыр пәтерлеріміз жылы болды ,- дейді Пирогов,8 мекенжайындағы үйдің тұрғыны, жай серіктестіктің қазынашысы Александр Степаненко.
Үй ішілік жылу желілері жылуды далаға кетірмейтіндей жаңа болса ғана пәтерлер жылы болады. Пирогов, 8 мекенжайында тұратын кент тұрғындары өз пәтерлерінің биыл жылы да жайлы болатынына сенімді. Оның үстіне былтырдан бастап Глубокое кентінде отыз жылда алғаш рет кварталішілік жылу желілері жаңғыртылып жатыр. Жыл соңына дейін 10,2 шақырым құбыр желісі ауыстырылмақ.
-Глубокое кентіндегі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 43 көп пәтерлі тұрғын үйлердің 22 сін аралап, қысқа дайындығын тексеріп шықтық. Төртеуіне кемшіліктерді жою жөнінде нұсқау берілді. Кенттің жылу қазандығы ескі болғанымен жыл сайын жөндеу жүргізіліп келеді. Биыл 3-қазандыққа түбегейлі жөндеу жүргізіледі, 4-5 қазандық ағымдағы жөндеуден өтеді. Бұл аудан орталығы тұрғындары баспаналарының қыста жылы болуына өз септігін тигізбек , –дейді кентте қысқа дайындық жұмыстарының кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтқан Глубокое кентінің әкімі Руслан Асанов.
Глубокое кентінің Попович, 46 мекенжайындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары да пәтерлерінің қыста жылы болатынына сенімді.
-Былтыр осы көшедегі 42-40-46 үйлерге тартылған кварталішілік жылу желілері жаңартылды. Қыста пәтеріміз жылы болды. Қазіргі күні жертөледегі үйішілік жылу құбырларын ауыстырып жатырмыз,-деген осы үйдің тұрғыны Андрей Ақышев басқарушыларының бірі өзі болып отырған Попович,46 мекенжайындағы үйді тоздырмауға, күтіп ұстауға бағытталған жөндеу жұмыстарының жалғаса беретінін айтты.