ШҚО-да үздік дзюдошылар спорт шебері атанды
Өскеменде дзюдодан Марат Чегеевті еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды. Екі күнге созылған жарыс осымен 16-ше рет өткізілген-ді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы додаға еліміздің облыстары мен қалаларынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейден келген татами шеберлері де қатысты. Жарыстың бір ерекшелігі – жеңімпаз атанған дзюдошылар спорт шебері атағына ие болып жатты. Сондықтан боз кілемдегі белдесулердің қай-қайсысы да тартысқа толы болды.
Турнирде шығысқазақстандық дзюдошылардың да қанжығасы майланды. Бәсеке қорытындысы бойынша Талғат Әміренов (100 келіден жоғары) пен Бақтияр Ағзамов (81 келіге дейін) өз салмақтарында топ жарса, Бибінұр Өтесінова (78 келіден жоғары) мен Қуан Барыс (73 келіге дейін) екінші орынға ие болды. Ал Еркежан Махмудова (48 келіге дейінгі салмақ дәрежесі), Дана Мұратқызы (52 келіге дейін) және Барақ Арқабай (81 келіге дейін) үздік үштікті түйіндеді.