Өскемендегі мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси қызметі жаңа жылдың басынан бастап көрсетілмей отыр. Сол себепті «Қазақ зағиптар қоғамы» облыстық филиалы мен көзі нашар көретіндерге арналған кітапхана басшылығы тығырықтан шығудың жолын қарастыруға мәжбүр.
Жұмыс істейтін зағип жандарға қаланың қарапайым такси жүргізушілері қол ұшын созып келеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«Қазақ зағиптар қоғамы» облыстық филиалы төрағасының орынбасары, I топтағы мүгедектігі бар зағип жан Ербол Бұрлыбайдың сөзіне қарағанда, қаңтар айынан бастап зағип жандарға инватакси қызметі көрсетілмеген. Оның басты себебі – тендердің уақытында өтпеуі.
- Тендер қараша айында өткізілуі керек еді, неге екені белгісіз әлі өтпеген. Қазір жер тайғақ, көзі көрмейтін, не нашар көретін азаматтарға жұмысқа бару өте ыңғайсыз. Біздің кітапханаға, қазақ зағиптар қоғамына келетін қызметкерлеріміз бар, олардың жүріп-тұруы қиындық туғызады, - дейді Ербол Бұрлыбай.
Ол кісінің өзі де I топтағы мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қыстың көзі қырауда жұмысқа барған былай тұрсын көшеге шығудың өзі мұң екенін айтады.
- «Үлбі» әлеуметтік мекемесінің басшысы Сәния Аубакироваға хабарласып, жағдайымызды айтқан едік, қазір қызметкерлеріміз сол кісі бөлген көлікпен жұмысқа келіп жүр. Сонымен қатар қаладағы такси жүргізушілерінің «Асар» деген чаты бар екен, сол жердегі азаматтар бізге көмек қолын созды. Олар өз отбасыларын да асырау керек қой. Соған қарамастан, арасында мүмкіндігі шектеулі жандарды да тегін тасып жүр. Оларға алдын ала хабарласамыз, межелі уақытта жұмысқа әкеліп, кешке үйге апарып тастайды. Осындай азаматтарға барлығымыздың атымыздан алғысымызды жеткізіңізші, - деп өтінді Ербол Бұрлыбай.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар зағип жандар Татьяна Медведева мен Жандос та осы кітапхананың қызметкерлері.
- Бұл жылда қайталанатын оқиға. Жер тайғақта көзі нашар көретін адамдар қалай жұмысқа барады деп ойлайды? Қаңтар айы бітті, біз әлі көліксіз жүрміз. Оның үстіне бөлінетін инватакси да өте аз. Екі-үш машина ғана келеді, ал біз көппіз ғой. Сол себепті кейбіреулер жұмысқа өздері келіп, қайтады. Бәлкім бұл қызметке қаражат аз бөлінетін шығар, мен ол жағын білмеймін. Бірақ қалыптасқан жағдай қиын, - дейді кітапханашының көмекшісі Жандос.
Татьяна Медведева әсіресе көзі көрмейтін жандар үшін өз бетімен жүріп-тұру оңай еместігін жасырмайды. Мүмкіндігі шектеулі жан тендерді тезірек өткізіп, инватакси өз қызметіне уақытында кіріссе деген тілегін жеткізді.