KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, В
522.63 548.66 5.07

ШҚО-да дін өкілдері қайырымдылық қоржынын таратты



15.03.2024, 15:48 282 0 Қызырбек Дүргінбайұлы

Наурыз мейрамын жаңаша бағытта тойлаудағы мақсаттардың  бірі - ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлтаралық татулықты арттыру. Осы бастамаға орай елімізде Наурызнама онкүндігі аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Кезекті қайырымдылық шарасын Шығыс Қазақстан облыстық дін өкілдері өткізді. Олар Ұлан ауданы Таврия ауылында орналасқан  хосписте Наурыз қоржынын және ас-су таратып қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыстағы діни ұйымдардың басшылары аудан орталығында орналасқан хосписке барып, мұқтаж жандарға дастархан жайып, сыйлықтарын табыстады.

Қазіргі уақытта бұл хосписте 63 адам тұрып жатыр.

– Наурыз - мейірім төгіп, қайырым жасайтын мейрам, яғни татулықтың тойы. Биылғы Наурыз мейрамы Ораза айымен орайлас келіп отыр. Сондықтан да мейрам қарсаңында осындай қайырымдылық шараларын өткізуді жөн деп таптық. Бұдан өзге де көптеген қайырымдылық шараларын өткізіп жатырмыз, өткізе де береміз. Осылай мейірімді, қайырымды болсақ, елімізде береке мен бірлік те болады, – деді ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ШҚО бойынша өкілі Берік Кәдірұлы.

Сондай-ақ шараға «Родник» Евангельдік христиан баптистері шіркеуінің жетекшісі Владимир Вольф және өзге де дін өкілдері қатысып, қайырымдылық қоржынын таратты.

– Наурыз мейрамы қарсаңында бізді қуантып жатқан жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дін өкілдері әкелген сыйлықтарды алып, түскі ас ішіп қуанып қалдық. Елімізде мейірімді, қайырымды жандар көп болсын, –  деді хоспис тұрғыны Серікжан Кәрібаев.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу

Пікірлер (0)