Зайсандғы газды Қытайға жіберу тоқтатылды
Бұдан былай Зайсаннан шығатын көгілдір отын аспан асты еліне жіберілмейтін болды. Бұл туралы Зайсан ауданы әкімдігі мәлімдеді.
- Қытай Халық республикасына газ экспорты тоқтатылды. Қалған газ қоры ауданның ішкі нарығына ғана жұмсалатын болады, - делінген ресми мәлімдемеде.
"Қалған газдың" қанша екенін білгіміз келіп аудан әкімінің орынбасарына қоңырау шалдық.
- Бұл жаңалыққа өзіміз де қатты қуанып жатырмыз. Енді көгілдір отынмен ауданды толық қамтамасыз етуге күш жұмсайтын боламыз. Көктемнен бастап 8 ауылды және Зайсан қаласындағы жаңадан бой көтерген, газ тартылмаған шағын аудандарды газбен жылытуды көздеп отырмыз. Кәсіби мамандардың айтуынша, Зайсанның кен орнында әлі 25 жылға жетерлік газ қоры бар, - деді аудан әкімінің орынбасары Ринат Әденбекұлы.