Тәуелсіздік – тағылымды тарту
Тәуелсіздік – жасампаз еліміздің жаңашыл дәуірде қол жеткізген барлық жетістігінің қайнар көзі. Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде терезесі тең, керегесі кең болуы – осы мәртебелі ұғымның арқасы. Бүгінде алпауыт әлемнің бір бұрышында қазақ халқының үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең екенін дүние жүзі мойындады.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, мерекелер мен маңызды шаралардағы қауіпсіздікті сақтау – Ұлттық ұлан жауынгерлерінің абыройлы міндеті. Биыл еліміз халықаралық аренада тағы бір мәрте танылып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін жоғары деңгейде өткізді. Осы шара кезінде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің сарбаздары қоғамдық тәртіпті сақтау үшін елордаға аттанды. Астана қаласының Байқоңыр ауданында қызметке кіріскен ұландықтар санаулы күннің ішінде бірнеше қылмыстың алдын алып, бас қаланың қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетті.
Жақында елімізде атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өтті. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері бұл шараға белсене қатысып, мемлекет үшін маңызды сәтте өз жауапкершілігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұландықтар елдің келешегіне қатысты келелі істерден ешқашан қалыс қалған емес.
Егемендікке қол жеткізу жолында құрбан болған бабаларымыздың ерлігі бүгінгі күннің сарбаздарына үлгі-өнеге. Ұланғайыр даланың тыныштығын күзету – Ұлттық ұлан әскерінің басты құндылығы. Әсіресе, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жауынгерлік әзірлігі мен кәсіби шеберлігін үнемі арттырып келеді. Темірдей тәртіпке бағынған сарбаздар кез келген қауіп-қатерге қарсы тұрып, аянбай қызмет етуде.
Ғасырлар бойы көкіректе сақталған тәуелсіздік арманы бүгінгі таңда қазақтың басына қонған бақ, астына орнаған мызғымас тағына айналды. Қазақ елі қиын-қыстау кезеңдерді еңсеріп, талай биік белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жастардың ерлігі азаттықтың ақ таңын сыйлады. Бұл ерлік күллі әлемге қазақ халқының қайсар рухын танытты.
Тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегенін ұмытпау – әрбір азаматтың борышы. Тәуелсіз елдің көгінде қыран қалықтап, әнұранымыз әуелеп тұрған шақта, әрқашан бейбіт әрі баянды ғұмыр кешуімізді тілеймін.
Атабек Салықбаев
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник