Риддер – туристік әлеуеті зор қала
Фото: pexels.com
«Риддердің туристік әлеуетін пайдалану керек. Бұл жердегі туризм қалаға табыс әкелетін серпінді жобалардың қатарында болуы тиіс». Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың Риддерге жұмыс сапарының аясында, қала тұрғындарымен өткен кездесуде айтылды.
Жиында Нұрымбет Сақтағанов облыс халқының қоғамдық-саяси өміріне өзгерістер әкелген елеулі оқиғаларға тоқталып өтті. Соның ішінде 2024 жылы 6 қазандағы АЭС құрылысы бойынша халықтың 73%-ы қолдап дауыс беру нәтижесін, сонымен қоса аймақтың даму қарқынына жаңа серпін беретін еліміздегі ең ұзын (1316 м) Бұқтырма көпірінің ашылуын ерекше атап өтті. Жақында қолданысқа берілген Бұқтырма су қоймасының үстінен өтетін өткел, Шығыс Қазақстандағы жеті ауданды байланыстырып қана қоймай, өңірдің транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін арттырады делінді. Осылайша, еліміз үшін стратегиялық маңызы зор нысан, шығыс өңірінің экономикасына оң ықпал етеді деп топшылануда.
Жалпы, табиғаты әсем Риддер аумағындағы туристік саланы дамыту қала экономикасын әртараптандыру бағытындағы басым міндеттің бірі. Уақыт өткен сайын бұл жерде туристік нысандардың саны артуда. Мәселен, бүгінде Риддер қаласының аумағында жұмыс істеп тұрған 39 туристік нысан бар екен. Атап айтқанда, 12 қонақ үй, 23 қонақ үй типтес бірқабатты бунгало, ауылдық жердегі үйлер, коттедждер, ойын-сауық қалашығы, трейлер паркі және т.б. нысандар, 2 тау-шаңғысы базасы, жазғы балалар лагері сияқты демалыс орындары келушілерге ұдайы негізде қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, биыл өткен жылмен салыстырғанда 23,3%-ға көп, яғни 20,5 мың (2023 ж. 16,6 мың) турист қабылдаған Поперечное ауылындағы «Арт изба» қонақ үйін ерекше атап өтуге болады.
Сонымен қатар, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аумағында бес туристік маршрут құрылған. Ал Алтай шаңғы кластері еліміздің өңірлік туризм картасының «ТОП–50» тізіміне енеді. Бұл ретте, негізгі туристік маршруттар ретінде Үлбі елдімекені мен Поперечное, Коноваловка ауылдарына басымдық берілген. Белсенді қысқы демалысты жақсы көретіндер үшін жағымды жаңалық та бар. Алдағы уақытта келушілеріне қысы-жазы қызмет көрсетуге қауқарлы, Орталық Азиядағы ең үлкен «Анатау» тау шаңғысы курортын салу бойынша жоспарланған жұмыстарды жеделдету көзделуде. Аталмыш нысанның дәл осы өңірде салынуына басты себеп – табиғатының көркемдігі. Осы жоба сәтімен іске асса, еліміз бәсекеге қабілетті туристік кластерімен таяу және алыс шетелдерге тартымды аймаққа айналмақ. Ал бұл облысқа қосымша инвестиция тартудың тамаша жолы болады деп есептеледі.
Жалпы, 2029 жылға дейін Риддердің әлеуметтік-экономикалық әл-қуатын жақсартып, қаланы дамытуға бюджет қаржысының 49 млрд. теңгесін жұмсау қарастырылған. Бұдан бөлек, 70,1 млрд. теңге, жеке инвесторлардың қаражатынан салынып, яғни қатынасы 1/1,43 негізінде жүзеге асады деп болжануда.
Айтып өтелік, бүгінде туризм саласы дамыған елдердің де, дамушы елдердің де экономикасы үшін айрықша маңызға ие. Себебі бұл саланың жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына, қонақ үй, тамақтандыру, көлік-тасымал мен сауда-саттық кәсіптерінің дамуына ықпалы өте зор. Тіпті әлемдегі ең танымал туристік аймақтарға арналып жаңа жолдар мен әуежайлар салынады. Мұның бәрі түптеп келгенде, өңірдің әлеуетін арттырып, жергілікті халық үшін негізгі табыс көзіне айналуда. Осыған орай, елімізде туризмді дамытуға, әсіресе, өңірлердегі жұмысты жандандыруға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде.
Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қала әкімі мен салалық ведомство басшыларына тапсырма беріп, бірқатар міндет жүктеді. Риддер қаласының басшысы Думан Рахметалиевке қысқа мерзім ішінде кем дегенде екі санитарлық-гигиеналық торапты салу жөніндегі ұсынысын дайындап, жоспарға енгізу тапсырылды. Сонымен қоса облыстық білім беру басшысы Инесса Чернышеваны, қала басшылығымен, жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуге шақырып, туристік қызмет көрсету кешенін жақсарту бойынша, Қ. Нұрғалиев атындағы Жоғары колледж базасындағы «Қонақжайлылық» курсында тиісті мамандарды оқытып, дайындаудың тәртібін бірізді жүйеге келтіруге міндеттеді.
РИДДЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫН КҮШЕЙТУ МІНДЕТІ ЖҮКТЕЛДІ
Қазіргі уақытта Риддер қаласына облыстан тартылған жеке инвестицияның көлемі 11%-ды құрап отыр. Осы тұрғыдан даму әлеуеті зор қала үшін бұл жоғары көрсеткіш еместігі мәлімделді. Осыған байланысты, қала басшысына жергілікті жердегі экономиканың басым секторларын ескере отырып, жаңа инвестиция тарту бағытындағы жұмысты күшейту тапсырылды.
Қазіргі уақытта облыстық бюджет қаражатының есебі 586,2 млрд теңгені құрайтын болса, соның 36,4% үлесі немесе 213,5 млрд теңгесі ғана меншікті кірістің үлесінде екен. Бұл ретте, Мемлекет басшысы ел дамуының тұрақты кепілі негізінде Үкімет пен әкімдерге экономика құрылымын заманға сай өзгертудің жаңа механизмдерін қарастыруды жүктеген еді. Нақтырақ айтсақ, Президент өз сөзінде, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау арқылы, экономика өсімін ынталандыру шараларымен қоса, құрылымдық реформалар жүргізудің маңыздылығына тоқталып өтті. Ал жаңадан әзірленіп жатқан Салық кодексінде мемлекет пен бизнестің қатынасы қайта қаралып, инвесторларға қолайлы жағдай туғызумен қатар, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне аса мән берілетіні де айтылды. Бұл ретте, мемлекет пен жеке сектордың серіктестігін реттейтін заңдар мемлекеттік сатып алудың ашық болуына септігін тигізеді. Сол себепті, ел Президенті экономиканы әртараптандыру арқылы еліміздің дамып-өркендеуіне қажет қаражат қорын молайтып, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту мүмкін екеніне сенімді екенін білдірді.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының бюджеті негізінен, өндірістік кешен есебінен қаржыландырылуда. Ал жергілікті бюджетке сауда-саттықтан түсетін қаражат мөлшері тым аз, тек 13%-ды ғана құрайды. Жоғарыда аталғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, шығыс өңірінде нарықтың сұранысына сай, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан әр облыстың георгафиялық орналасуы мен өңір экономикасының басым бағыттары ескеріледі. Сәйкесінше, әрбір жердегі меншікті кірістің мөлшерін ұлғайту көзделуде.
Риддер – облыс аумағындағы ірі өндірістік қала. Қаланың бюджеті бүгінгі таңда 20,2 млрд теңгені құраса, соның 48%-ы немесе 9,7 млрд теңгесі өзінің меншікті кірісінің үлесіне тиеді. Соның ішінде, меншікті түсімнің 20,6%-ы, яғни 2 млрд теңгесі жергілікті өндіріс ошақтарының есебінен толығуда. Қазіргі таңда жергілікті жерден инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына енген, жалпы сомасы 20,1 млрд көлеміндегі қаржыға 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде, туристік бағыттағы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын екі жоба бойынша атқарылған жұмыстар жақын арада аяқталуға жақын. Сондай-ақ, тағы үш инвестициялық жоба бойынша жұмыс жалғасуда. Осы орайда жергілікті халықпен кездесу өткізген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиевке, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен және Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, облыстық қаржы басқармасы өкілдерінің қатысуымен, қалалық бюджеттің салық салынатын базасының кеңеюін қамтамасыз етуді жүктеді. Осы мақсатпен қала басшысына жаңа табыс көздерін тауып, Риддер қаласының меншікті кірісін арттыратын инвестиция тарту жұмыстарын күшейту міндеті жүктелді.
КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
Қазіргі уақытта Өскемен мен Риддер арасындағы республикалық маңызға ие бағыт толық жаңғыртылуда. Аталған бағыттағы жолды қалыпқа келтіру жұмыстары биыл басталып, келесі жылы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қоса, Өскеменнен Тарханка ауылын басып өтетін, одан әрі Черемшанкаға апаратын жолды салу жұмыстарын бастау жөніндегі мәселе жақын арада оң шешімін табады деп күтілуде. Егер бұл учаскеде жол салынса, облыс орталығынан Риддер қаласына дейінгі трассаның ұзақтығы 42 шақырымға қысқарады. Сондай-ақ, қазіргі жолдағы жүктеме айтарлықтай азайып, негізгі автомобиль қозғалысының ағыны жаңа жолға қарай ауады деп болжануда.
ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің мәлімдеуінше, биыл «Жол жылы» аясында, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың құрылысын қаржыландыру екі есеге артқан. Яғни бұл уақытта, құны 31, 5 млрд. теңгеге жалпы ұзындығы 600 шақырымды құрайтын көшелер мен автомобиль трассаларын ретке келтіру жұмыстары жүзеге асқан. Соның ішінде, 121 шақырымдық жол туристік нысандарға апаратын жолдар. 2024 жылы Риддер қаласындағы автомобиль жолдары мен жол құрылыстарының желісін күтіп ұстауға қалалық бюджеттен 632 млн теңге жұмсалған. Бұған қосымша ретінде, қысқы мерзімге деп, тағы да 100,3 млн теңге бөлініпті. Бұл жергілікті жолдарға қатысты мәселе. Ал республикалық маңызы бар «Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» бағытындағы автомобиль жолының 30 шақырымдық жол бөлігіне жақында асфальт жабындысын төсеу жұмыстары аяқталған. Аталмыш жобаның құны 3191, 3 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта онда тиісті жол белгілерін орнату бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛА: БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
2024 жылдың 1-қазанындағы мәлімет бойынша, облыс халқының 7%-ын құрайды делінетін Риддердің 51, 5 мың тұрғыны бар. Бүгінде кеншілер қаласында тіркелген 36 білім беру мекемесі бар. Солардың бірнешеуін атап өтер болсақ, қалада 14 мектеп, 14 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 3 қосымша білім беру мекемесі, Риддер колледжі, арнаулы мектеп-интернат, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар екен. Жалпы, 2025 жылға дейін облыс аумағында 7 мың орынға арналған 20 мектеп салу жоспарланған. Соның ішіндегі 10 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша тұрғызылады. Аталмыш жобаның аясында, бүгінде Риддерде 600 орындық мектеп салынып жатыр. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, «Қазмырыш» АҚ есебінен мемлекеттік тілде оқытатын тағы бір 600 орынға арналған мектептің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жоспарға сай, бұл мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. Өткен жылы 89 млн теңгеге 5 білім беру мекемесі жөндеуден өтсе, ағымдағы жылы 119 млн теңгеге 9 білім беру нысаны жөнделген. Сондай-ақ, 46,5 млн теңгеге жаңа модификацияланған 4 кабинет сатып алу жоспарланыпты.
Арайлым Нығметоллақызы