Нашақорлық – қоғам қасіреті
Фото: pexels.com
Қазіргі уақытта бүкіл әлемді алаңдатып отырған өзекті тақырыптың бірі – нашақорлық. Нашақорлық дегеніміз – есірткі заттарға паталогиялық дағдыланудың нәтижесінде болатын созылмалы ауру.
Есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні бәрімізге белгілі. Есірткі затын қолданып,қалай нашақор болып кеткенін білмей қалатындар көп. Ал, осы есірткінің қармағына ілініп, одан құтыла алмай жүрген адамдар қаншама?! Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп, өз өмірін, болашағын құртып қана қоймай, жақындарының, маңайында жүрген адамдардың да өміріне қауіп төндіреді.
Нашақорлық – бүкіл қоғам қасіреті, яғни нашақорлыққа шалдыққан адам өзіне зиян келтіріп қана қоймай, қоршаған адамдарға да зиянын келтіреді.
Осы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексімен төмендегідей қылмыстық жауаптылық көзделген.
296-бапқа сәйкес: «Қоғамдық орындарда есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес тұтыну» – сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтап, тасымалдағаны үшін бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтап, тасымалдағаны үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы орайда ескере кететін жайт, жеке тұтыну үшін сатып алған есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өз еркiмен тапсырған не есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес мақсаттарда тұтынуына байланысты медициналық көмек көрсетiлуi үшiн медициналық мекемеге өз еркiмен барған не есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды ашуға немесе олардың жолын кесуге, оларды жасаған адамдарды әшкерелеуге, қылмыстық жолмен табылған мүлiктi табуға белсендi түрде ықпал еткен адам осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
297-бапқа сәйкес есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу үшін мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазасы қарастырылған.
Ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер мүлкi тәркiленiп, алты жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; бірнеше рет; аса iрi мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған; электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы; қоғамдық орында жасалған іс-әрекеттер үшін мүлкiн тәркiлей отырып, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер, сол сияқты есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді бiлiм беру ұйымдарында не көрiнеу кәмелетке толмаған адамға өткізу үшін мүлікті тәркiлей отырып, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Дүниедегі ең қымбат нәрсе – ол адамның өмірі, ал әркімнің өмірі өз қолында.
Дені сау адамнан дүниеге дені сау ұрпақ тарайтынын, бұл ұрпақтың еліміздің болашағы, ал нашақорлық –қоғам қасіреті екенін біле жүргеніміз, абзал!
Өскемен қаласының мамандандырылған
тергеу сотының аға сот приставы
Рашид Ахметов