KZ
Өскемен
-12°
переменная облачность жел 2 м/с, СБ
524.66 550.21 5.09

Марқакөлдің балығы: табиғи байлықтың сақталуы мен көбеюі

Кеше, 15:30 45 Гульжан Мусина

Марқакөлдің табиғаты өзінің байлығы мен алуан түрлілігімен танымал. Оның ішінде балық ресурстары ерекше маңызды орын алады. Бұл көлдің экосистемасы көптеген тіршілік иелерін, соның ішінде майқап (ленок) пен қарауыз (хариус) сияқты балық түрлерін мекендейді. Балық популяциясының көбеюі жыл сайынғы уылдырық шашу маусымының сәтті өтуіне тікелей байланысты. Биылғы маусымда Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында балықтардың көбеюін қорғау шаралары тиімді жүргізіліп, заңсыз әрекеттердің жолы кесілді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Марқакөл көліндегі балық популяциясы үшін ең маңызды кезең – уылдырық шашу. Бұл процесс жыл сайын мамыр айының алғашқы күндерінен басталып, екі айға созылады. Осы уақытта аналық майқаптар мен қарауыздар уылдырық шашып, аталық балықтар оларды тұқымдық сұйықтықпен ұрықтандырады. Көбею үшін балықтар көлден ағысы қатты өзендерге қарай ағылып, ағысқа қарсы жүзеді. Уылдырық шашу жеріне жеткенше олар ұзақ жол жүреді, бұл олардың биологиялық ерекшеліктерінің бірі.

Көлден ағатын бір ғана өзен бар, ол – Қалжыр. Биыл балықтың өзенге шығуына қарлы қыс әсерін тигізді. Көктемде қар мен мұздың молынан еруі өзен арналарындағы судың көлемін арттырды, бұл көлдегі су деңгейін де айтарлықтай көтерді.

Уылдырық шашатын жерлерге жаппай жүзу барысында балық жыртқыштар мен браконьерлердің оңай олжасына айналады. Сондықтан барлық уылдырық шашатын учаскелерде балықты бүкіл кезең бойы қорғау – Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының басшылығы мен күллі ұжымы үшін жыл сайынғы стратегиялық маңызды міндет. Бұл істегі алғашқы қадам – жергілікті тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Қорық басшылығы мен қызметкерлері Ақжайлау, Қарой, Қайнарлы ауылдарына барып, тұрғындармен кездесулер өткізеді. Ал Ұранқай және Матабай ауылдарында мұндай жұмыс ұдайы жүргізіледі.

– Осы кездесулерде біз жергілікті тұрғындарға Қазақстанның заңнамасына сәйкес табиғатқа қамқорлық танытудың маңызын ұғындыруға тырысамыз. Әрине, біз браконьерлік әрекеттер үшін жазалау шараларына ерекше назар аударамыз, әсіресе уылдырық шашу кезінде. Сондай-ақ көктем, жаз және күз мезгілдерінде біз өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауымыз керек. Осы бойынша 290 ескерту парағы жергілікті тұрғындардың әрқайсысына жеке қол қойдырту арқылы таратылды. Мұндай кездесулер бізде жыл сайын ауылдық округ әкімдері мен жұртшылықтың қатысуымен өтіп тұрады. Біз бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде де осы мәселені жиі көтереміз, – дейді Марқакөл қорығының директоры Тимур Әйкенев. 

Марқакөл көлінен ағатын жалғыз өзен – Қалжыр. Бұл өзен балықтардың көбеюі үшін маңызды маршрут болып табылады. Биылғы жылы қыстың қатты болуы және көктемдегі қар мен мұздың мол еруі өзен арнасындағы судың деңгейін көтеріп, көлдің су деңгейіне әсер етті. Су деңгейінің жоғарылауы балықтардың өзенге шығуын жеңілдетіп, уылдырық шашу үшін қолайлы жағдайлар жасады.

Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында балық популяциясын қорғау үшін көптеген шаралар қабылданды. Жыл сайынғы рейдтер мен бақылаулар нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталмады, бұл қорық аумағында табиғатты қорғау іс-шараларының тиімділігін көрсетеді. Қорық қызметкерлері балықтардың көбеюін бақылап, су айдынындағы заңсыз әрекеттерге қарсы тұрып, табиғаттың табиғи тепе-теңдігін сақтау үшін аянбай еңбек етуде.

Бұл кезеңнің маңызы бөлек

Марқакөл қорығы директорының бұйрығымен бірінші мамыр мен бірінші шілде аралығында уылдырық шашылатын негізгі өзендерге тәулік бойғы 11 бекет қойылды.

Шүмек учаскесінде инспекторлар қорық күшімен төрт жыл бұрын салынған жайлы үйде орналасқан. Мұнда күн батареялары орнатылған, электр жарығы, зарядтағыш құралдар бар. Тополевка, Глухово, Ельник, Маральник учаскелерінде де қорықшылар күшімен бөрене үйлер салынған. Жоғарғы Еловка, Қарағайлыбұлақ, Матабай және Ұранқай учаскелерінде инспекторлар осы елді мекендердің аумағындағы үйлерде орналасады. Тек Дальный стан мен Матабайка учаскелерінде киіз үйлер мен палаткалар тігіледі.

Барлық инспекторлар азық-түлікпен, радиобайланыс құралдарымен, электр генераторларымен және жанар-жағармаймен қамтылған. Марқакөлдің айналасындағы уылдырық шашылатын негізгі өзендер мен салт атттылар жүретін соқпақтарда 6 фототұзақ орнатылған, олар жақындаған адамдар мен жануарларды түсіреді. Сегіз шақырым қашықтыққа ұша алатын дрон да үнемі қолданыста. Уылдырық шашу кезеңінде жұмыстарға 21 қызметтік ат, 3 моторлы қайық, 10 автокөлік, 3 стационарлық және 25 жылжымалы радиостанция, 5 мотоэлектростанция жұмылдырылды.

Уылдырық шашу барысын қорғауға Марқакөл қорығынан барлығы 22 адам атсалысты. Оқыс оқиғалар бойынша әрекет ету үшін қорық қызметкерлері арасынан әрқайсысы үш адамнан тұратын екі жедел топ құрылды, олар моторлы қайықпен және екі көлікпен жүрді. Бұл топтардың құрамында қорық директоры Тимур Әйкенев, оның орынбасары Аслан Булькубаев, табиғи кешендер мен нысандарды қорғау қызметінің бастығы Балуанбек Болысов, орман қорғау инженері Қайрат Соболев жұмыс істеді.

Браконьерлікпен күрес жөніндегі бірлескен жоспар аясында Марқакөл қорығының аумағында облыстық орман және аңшылық шаруашылығы жедел ден қою жасағының тобы, Тарбағатай және Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің қызметкерлері, сондай-ақ табиғат қорғау полициясының өкілдері жұмылдырылды.

Күллі залал өтелді

Уылдырық шашу кезеңінде жүргізілген жұмыстар мен учаскелердегі жағдай туралы фото-бейнеақпарат күн сайын орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне ұсынылып отырды. Бекеттердегі инспекторлардың жұмысын қорық басшылығы, Марқакөл ауданының прокуратурасы, аумақтық инспекция тексерді. Тексеру кезінде инспекторлық құрам тарапынан табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілері анықталған жоқ.

Ағымдағы уылдырық шашу кезеңінде барлығы 573 жедел рейд өткізілді, оның қорытындысы бойынша түрлі учаскелерде 14 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды.

Браконьерлік фактілердің бірі 27 мамырда Хариузовка учаскесінде болды. Табиғат қорғау полициясының инспекторлары мен қызметкерлерінің тобы түнде қорық аумағындағы өзеннен балық аулаған рұқсат құжаттары жоқ екі адамды ұстады. Жалпы салмағы 76 келіден асатын балық тәркіленді, келтірілген шығын 722 мың теңгеден асады. Материал Күршім ауданының полиция бөліміне және сотқа жіберілді. Кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, залал өтелді. Барлық басқа материалдар да сотта қаралып, бүгінде барлық құқық бұзушылар келтірген шығындарын өтеген.

Браконьерлер азайып келеді

Қорықтың инспекторларынан және ғылым бөлімі мамандарынан құралған топ маусым айында балықтың уылдырық шашу барысын бақылау, учаскелердегі инспекторлардың жұмысымен танысу мақсатында көлдің айналасында екі күндік рейд өткізді.

– Рейдтер барысында анықтаған мәліметтер және мемлекеттік инспекторлардың ақпараты бойынша, уылдырық шашу белсенділігі барлық негізгі өзендерде байқалды. Инспекторлық құрам балықтар кедергісіз өзендерге көтеріліп, қауіпсіз жағдайда уылдырық шашуы үшін арналарды тазартты. Осы күш-жігердің барлығы оң нәтижесін берді, – дейді табиғи кешендер мен нысандарды қорғау қызметінің бастығы Балуанбек Болысов.

Кезеңнің соңғы онкүндігінде көптеген өзен арналарында уылдырық шашу саябырсыды, кейбіреулерінде толығымен аяқталды. Тек Дальный стан учаскесіндегі бір ғана Звонцово өзенінде балықтардың жаппай уылдырық шашуы әлі де белсенді болды. Алайда өзендегі су көлемі айтарлықтай төмендеді.

Сарапшылар Глухово – Мостовая, Маральник – Турбаза – Подкаменная, Ельник – Самойлово сынды үш учаскені визуалды зерттеді. Балықтардың қырылуы және браконьерлік іздері анықталған жоқ.

Күзде шабақтар көлге жетеді

Биылғы уылдырық шашу кезеңінің қорытындысы барлық инспекторлық құрам, қорықтағы ғылым бөлімінің қызметкерлері, басқа ұйымдар өкілдері қатысқан жалпы жиналыста талқыға салынды.

Марқакөл қорығының директоры Тимур Әйкенев балықты уылдырық шашу кезінде қорғау ісіндегі оң үрдістерді, сондай-ақ алдағы уақытта шешуді қажет ететін мәселелерді атап өтті. Сондай-ақ директордың орынбасары, күзет қызметінің бастығы және қорықтың басқа да мамандары сараптамалық ой-пікірлерін ортаға салды. Жалпы, уылдырық шашу кезеңі қалыпты режимде өтті, қабылданған қорғау шаралары оң нәтиже берді. Учаскелердегі инспекторлардың ерең еңбектері аталып өтілді, олардың арасында Бейімбет Байжұманов, Дидар Құмарбеков, Дастан Абдошев бар.

Марқакөлдің ең жақын салаларының бірі – Ұранқай өзенінде 2-3 сантиметрлік үскіштің алғашқы шабақтары жүзіп жүр. Көлеміне қарағанда оларға шамамен бір-бір жарым ай болған. Уылдырық шашқан балықтар көлдегі өз мекендеріне түсті, ал шабақтар уылдырықтан 19-23 күннен кейін шықты. Өзендерде олар 7-8 сантиметрге дейін өсіп, тамыз-қазан айларында көлге түседі.

Марқакөлден ағып жатқан Қалжыр өзенінде уылдырық шашатын балықтар ағыспен жүзеді, ал шабақтар тамыз-қазан айларында көлге қарай ағысқа қарсы көтеріледі. Қалжырдың майқаптары 4-5 жасында жетіледі және 20 жылға дейін тіршілік кеше алады, ұзындығы 70 сантиметрге дейін, ал салмағы 6-7 келіге дейін жетеді.

Ұранқайдың және өзге өзендердің балықтары үш жаста жетіледі, олардың максималды өмір сүру ұзақтығы – 10 жыл, олар 60 сантиметрге дейін өседі, салмағы 2-3 килограмға дейін жетеді. Марқакөлдің балығы – оның экологиялық байлығының маңызды бөлігі. Жергілікті билік пен қорық қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы арқасында бұл байлық сақталып, болашақ ұрпаққа жеткізіледі. Келешекте де табиғатқа деген қамқорлық жалғасын тауып, Марқакөлдің балық ресурстары мен экосистемасы сақталып қалатын болады.

Ғабдул Мауытқан,

Марқакөл қорығының экологиялық ағарту жөніндегі инженері

Фото: qazaqgeography.kz

Аударған: Ержан Әбіш

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу