Қазақстандық оқушылар Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсына 700 жоба ұсынды

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңін қорытындылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызығушылығын арттыру, дарынды жас зерттеушілерді анықтау және қолдау мақсатында өткізілген конкурс өз мәресіне жетті. Биылғы жылы республикалық кезеңде 900-ге жуық оқушы бақ сынап, олардың қатарында ауылдық елді мекендерден 132 бала қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 112,9 пайызға көп, былтыр 62 ауыл оқушысы ғана қатысқан еді.
Конкурс екі негізгі бағытта өтті: жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық пәндер. Қазылар алқасының құрамында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының профессор-ғалымдары болды.
Жеңімпаздарды марапаттау қорытындысы:
- 263 оқушы жаратылыстану-математикалық бағытында жүлдеге ие болды;
- 148 оқушы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды;
- Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 32 ректорлық грант табыс етілді.
- Ең үздік ғылыми жобалар Қазақстанның атынан Regeneron ISEF-2024 Дүниежүзілік ғылым және техника көрмесіне қатысады. Бұл беделді халықаралық байқау АҚШ-тың Огайо штаты, Колумбус қаласында 10-16 мамыр аралығында өтеді.
Осылайша, жас зерттеушілердің талпынысы мен еңбегі еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға үлес қосып, халықаралық деңгейде Қазақстанның атын танытуға жол ашуда.