ШҚО-да 30 мыңға жуық педагог вакцина алды
ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде жаңа оқу жылына дайындық тақырыбында онлайн баспасөз конференциясы өтті.
Конференцияға ШҚО білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мен ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина қатысты. Белгілі болғандай, мектептерде жаңа оқу жылы карантин талаптарын сақтай отырып, дәстүрлі штаттық форматта басталады.
- Шығыс Қазақстан облысында барлығы 647 жалпы білім беретін мектеп бар. Контингенті 193 553 оқушыны құрайды. Оның 21 мыңы бірінші сынып оқушылары. Облыстың барлық мектептері оқушыларды қабылдауға дайын. Оқулықтар жеткілікті. Мектептер 100% бейнебақылау камераларымен жабдықталған, дабыл түймелері мен турникеттер бар, – деді ШҚО білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Алғашқы қоңырау «Кел, балалар, оқылық!» тақырыбында ұйымдастырылады, бірінші сынып оқушыларына "Әліппе" алғашқы оқулығы табысталады. Іс-шарада бірінші сынып оқушыларының ата-аналарының бірінің қатысуына рұқсат беріледі. 2021 жылғы 1 қыркүйекте 2-11 сыныптарда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған "Тәуелсіздіктің жетістіктері" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі.
COVID-19 коронавирустық инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл мектептерде оқыту санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды және күшейтілген медициналық бақылауды сақтай отырып ұйымдастырылады. Сондай-ақ, облыстың барлық оқу орындары "Ashyq" жобасына қосылған. Мектептер қорғаныс құралдарымен жабдықталған. Бүгінгі күні облыста білім беру ұйымдарының 29 562 педагогы, оның ішінде 21 251 мектеп педагогы вакцинацияланды.