Ұлан ауданында еркін күрестен республикалық турнир өтуде
Ұлан ауданында тағы бір ауқымды спорттық жарыс өтуде. Бүгін аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінде еңбек ардагері Өмірбек Мұзапарұлын еске алуға еркін күрестен дәстүрлі турнир басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осымен бесінші рет өткізіліп отырған жарыстың биылғысына 2007-2009 жылдары туған 150-ге жуық спортшы қатысуда. Бір атап өтерлігі, бұл жолғы жарыстың бұрынғыларынан бір өзгешелігі бар. Нақтырақ айтсақ, бұған дейінгі додалар облыстық деңгейде өтсе, биылғы жарыс республикалық мәртебеге ие болуда.
Аудан орталығындағы бәсекені көппен бірге бір топ құрметті қонақ келіп тамашалады. Арасында жарыстың басталуында құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев те болды.
Турнирдің басы-қасында жүрген облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Мұзапаровтың айтуынша, жарыстың мән-мәртебесі жыл өткен сайын артып келеді. Бұған додаға өзге облыстар мен қалалардан командалардың ат терлетіп келуі дәлел бола алады. Осы ретте Ұлан ауданындағы еске алу турниріне Шығыс Қазақстанның аудан-қалаларынан бөлек, Абай, Қарағанды және Ұлытау облыстарынан жас балуандар қатысып жатқанын айту керек.
Белгілі болғандай, жарыс жүлдегерлеріне әдеттегі медальдар мен грамоталардан бөлек, ұйымдастырушылар атынан ақшалай сыйлықтар да қарастырылған екен.
Барлығы 10 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатқан республикалық турнирдің финалдық белдесулері бүгін кешке басталады деп күтілуде.
Нұржан Кенжеұлы