Зайсандағы республикалық футбол жарысы өз мәресіне жетті
Зайсан ауданында өткен бір апталық республикалық футбол жарысы аяқталып, жасөспірімдер арасында жоғары деңгейде өткен ойындар көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Жарыс барысында Зайсан командасы тамаша нәтижелер көрсетіп, топтық кезеңде Алматы облысы, Жетісу футбол клубы және Талдықорған БЖСМ командаларымен шеберлік танытып, ақтық ойынға жолдама алды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Финалда Зайсан спорт мектебінің командасы Талдықорған қаласының футболдан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасымен кездесіп, тартысты ойын нәтижесінде 0:1 есебімен екінші орынға тұрақтады. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Талдықорғандықтар иеленсе, екінші орынды Зайсан спорт мектебінің командасы, үшінші орынды Жетісу футбол клубы иемденді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алтын, күміс, қола медальдармен, кубоктармен, сондай-ақ Жетісу облысы Спорт басқармасының грамоталары табыс етілді. Сонымен қатар үздік ойыншылар арнайы грамоталармен және демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Зайсан командасынан ерекше көзге түскендер:
- Ең үздік ойыншы – Табанбайұлы Мухамеднәби;
- Ең үздік шабуылшы – Дастан Досжан;
- Ең үздік қақпашы – Кинатов Ерназ.