ШҚО әкімі Тарбағатай аудандық ауруханасына жедел жәрдем көлігін табыстады
Тарбағатай ауданына жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ақжар ауылындағы аудандық ауруханаға барып, медициналық мекемелердің жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл Тарбағатай ауданының медициналық ұйымдарына сегіз бірлік заманауи медициналық жабдық сатып алынбақ.
Аудандық аурухана амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын форматтарда мамандандырылған көмек көрсетеді. Емханалық бөлім күніне 150-200 адамды қабылдауға қауқарлы.
Қазіргі таңда тіркелген халық саны – 17 338 адам. Медициналық көмек 16 мамандық бойынша көрсетіледі. Клиникалық-диагностикалық бөлімге функционалды диагностика, ЭКГ, УДЗ, спирография, эндоскопиялық зерттеулер (ФКС, ФГДС), рентген, маммография, зертхана және физиотерапия кабинеттері кіреді.
Облыс әкімі аудандық аурухана ұжымына жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.
Шетелде медицина қызметкерлерін даярлау бағдарламасы аясында Тарбағатай ауданының мамандары Ресей, Түркия, Германия және Израиль елдерінде білім алған.
Аудан халқын медициналық қызметпен қамтамасыз ету Ақжар ауылындағы аурухана мен емханадан бөлек, Қарасу, Қабанбай, Тұғыл, Құйған, Жетіарал, Маңырақ, Жаңаауыл ауылдарындағы 7 дәрігерлік амбулатория мен 19 медициналық пункт арқылы жүзеге асырылады.
Фото: Махаббат Ахметжанова




