Катонқарағайда жаңа асфальт зауыты іске қосылды - ШҚО
Фото: видеодан скрин
Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылы маңында сағатына 80 тонна өнім өндіретін заманауи асфальт зауыты жұмысын бастады. Бұл – өңірдегі жол сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Зауыт құрылысы толық аяқталды. Жобаға 280 миллион теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Қазірдің өзінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Зауытта пайдаланылатын құрылғылар мен материалдар Қытайдан жеткізілген.
Бұл өндіріс ошағы Берел, Аршаты, Барлық және Ақсу бағыттарындағы жолдарды жөндеу жұмыстарына тың серпін береді. Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары енді әлдеқайда қарқын алады деп күтілуде.
Жергілікті тұрғындар үшін бұл жаңалық жол сапасының жақсаруымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуы тұрғысынан да маңызды. Аудан экономикасын дамытуға ықпал ететін жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.