KZ
Өскемен
-20°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
504.6 594.27 6.48

ШҚО су айдындарында қауіпсіздік күшейтілді: демалушыларды дрондар бақылайды

21.07.2025, 16:30 236 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстанда аптап ыстықпен бірге суға түсушілердің саны артты. Осыған байланысты құтқарушылар жағажайларда қауіпсіздік шараларын күшейтіп, рейдтер санын көбейтті. Суға шомылуға арналған жабдықталмаған "жабайы" орындар басты қауіптің көзі болып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстанда соңғы бірнеше күн бойы ауа температурасы +30 градустан төмендемей тұр. Осы кезеңде су айдындарында демалушылардың саны күрт артып, қауіпсіздік мәселесі ерекше назарға алынды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құтқарушылар көліктік бақылау инспекциясы, жергілікті атқарушы органдар, полиция және еріктілермен бірлесіп, су айдындарында патрульдеуді күшейтті.

— Басты мақсат – жазғы демалыс кезеңінде судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу. Осы маусым басталғалы бері облыста 4 адам суға батып кеткен. Бұл – қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан болған оқиғалар. Ал патрульдік топтар 12 демалушыны құтқарып, олардың өмірін сақтап қалды, — деп мәлімдеді ШҚО ТЖД өкілдері.

Әсіресе, демалушылар көп жиналатын Бұқтырма су қоймасы маңында кең ауқымды рейд ұйымдастырылды. Патруль барысында жүзу құралдарын пайдаланудағы ережелерді бұзу, құтқару кеудешелерін кимеу, арнайы жабдықталмаған жағажайларда шомылу сияқты заңбұзушылықтар анықталды. Қауіпсіздік шараларын елемеген 35 азамат ҚР ӘҚБК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Демалушылардың көбі арнайы жабдықталған жағажайлардан гөрі, «жабайы» орындарды таңдайды. Онда құтқарушылар мен медқызметкерлер болмайды, балаларға арналған шомылу аймақтары белгіленбеген, құтқару құралдары мен буйлар жоқ. Бұл өте қауіпті, — дейді инспекторлар.

Сонымен қатар, рейд барысында құтқарушылар жағажай иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, демалушыларға арналған орындарда дежурлік қызметкерлердің, медициналық пункттердің және құтқару құралдарының болуын талап етті.

Аймақта купальдық маусым басталғалы бері 1113 рейд өткізілген. Бұл рейдтер судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Қазіргі таңда патрульдерге жаңа заманауи су көліктері мен дрондар да тартылуда. Олар адамдар көп жиналатын аумақтарды бақылауға, төтенше жағдай орын алған кезде жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Мамандар суға түсетін әр азаматқа қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді:
– тек рұқсат етілген және жабдықталған орындарда шомылу,
– ішімдік ішіп суға түспеу,
– құтқару кеудешелерін киіп жүзу құралдарын пайдалану,
– балаларды қараусыз қалдырмау.

Дмитрий Чжан


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу