KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
504.76 593.8 6.5

Мектепке дейінгі тәрбие: биыл елімізде 172 жаңа балабақша ашылды

pixabay.com

21.07.2025, 17:00 253 Ержан Әбіш

Елімізде жыл сайын жаңа балабақшалар ашылып, мектепке дейінгі ұйымдарға деген қолжетімділік артуда. Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде 172 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылып, 13,2 мың бүлдіршінге балабақшаға баруға мүмкіндік жасалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасының бір бөлігі. Бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты – 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту.

Қазір бұл көрсеткіш 93,1 пайызға жетіп отыр. Мұндай нәтижеге жету – тек жаңа нысандар салумен шектелмейді. Ел аумағында қолданыстағы балабақшалар кеңейтіліп, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында шағын орталықтар ашылып жатыр. Сонымен қатар «ақша балаға беріледі» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жүйесі де іске қосылған. Бұл жаңа тетік 19 қала мен 7 ауданда енгізіліп, 300 мыңға жуық бала балабақшамен қамтылды. Соның нәтижесінде кезек 44 пайызға қысқарған.

Мемлекет тек мектепке дейінгі ұйымдардың санын арттырып қана қоймай, сапасын да басты назарда ұстап отыр. Жыл басынан бері еліміздегі 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.

Мектепке дейінгі ұйымға бармайтын балалардың ата-аналары үшін де қолдау көрсетілуде. Осы санаттағы отбасыларға арналған консультациялық пункттер желісі кеңейіп, олардың саны 4,2 мыңнан 5,5 мыңға дейін артты.

Еске сала кетейік, бүгінде еліміз бойынша 11,8 мыңнан астам балабақшада 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу