«Altai Invest-2025» форумына 118 шетелдік делегат келеді - ШҚО
ШҚО әкімдігінде өткен жиында Туризм басқармасы алдағы халықаралық инвестициялық форумға дайындық барысын баяндады. Қазіргі уақытта 118 халықаралық қатысушы форумға қатысатынын растаған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қыркүйек айында Өскемен қаласында өтетін «Altai Invest-2025» ірі халықаралық форумы аясында жаңа инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері қаралады. Форум бизнес, билік пен халықаралық ұйымдардың басын қосып, өңірдің әлеуетін көрсетуге және инвесторлармен нақты жобаларды талқылауға үлкен мүмкіндік береді. Аудан әкімдері қол қоятын ынтымақтастық туралы келісімдер дайындалды.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы малына жем-шөп дайындау мәселесі басты назарға алынды. Шығыс Қазақстан облысында 278,7 мың гектар шабындық, 2465,8 мың гектар жайылым және 108,1 мың гектар жем-шөп дақылдары бар. Оның ішінде 64,9 мың гектар көпжылдық шөптер алдыңғы жылдардан қалған. Мал азығының негізгі бөлігі табиғи шабындықтар мен жайылымдардан жиналатыны атап өтілді.




