KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1,5 м/с, В
502.57 591.68 6.42

Симфония сазы: әлемдік виртуоз Марат Бисенғалиев алғаш рет Өскеменде өнер көрсетпек

1.10.2025, 17:45 197 Төлеуғазы Жансая

Сегізінші қараша күні Өскемен қаласы әлемге танымал қазақстандық скрипкашы әрі дирижер, классикалық музыканың майталманы Марат Бисенғалиевті қарсы алады. Белгілі музыкант алғаш рет шығысқазақстандық тыңдарманға арнап өнер көрсетіп, Шығыс Қазақстан облыстық симфониялық оркестрімен бірге бірегей концерттік бағдарлама ұсынады, деп хабарлайды Altainews.kz.

Қазір оркестрдің әртістері бас дирижер Александр Галсановтың жетекшілігімен қызу дайындық үстінде.

– Біз аса жауапты концертке дайындалып жатырмыз, себебі Марат Бисенғалиев – тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде мойындалған ірі тұлға. Тығыз кестесінен уақыт тауып, алғаш рет Өскеменге ат басын бұрмақ. Бұл – қала үшін тарихи сәт, сондықтан қатты толқып, үлкен дайындық жүргізудеміз. Бағдарлама әсем де алуан түрлі туындылардан тұрады, – дейді оркестрдің бас дирижері.

Галсановтың айтуынша, әлемдік деңгейдегі әртіспен сахнаға шығу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік.

– Біз оны жерге қаратпауымыз керек. Оркестр – біртұтас ағза секілді, сол себепті әрбір орындаушы бар күшін салады. Бұл біздің 23-ші шығармашылық маусымымыздың ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Әдеттегідей, тыңдармандарымызды бай репертуар күтіп тұр. Сондықтан бұл кеш – тек біздің ғана емес, бүкіл көрерменнің мерекесі, – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Марат Бисенғалиев – қазақстандық музыка өнерінің мақтанышы, скрипкашы-виртуоз және дирижер. Оның орындаушылық шеберлігі мен қайталанбас стилі тек ел ішінде ғана емес, шетелдік сахналарда да жоғары бағаланып келеді.
Көрермен асыға күткен концерт 8 қараша күні сағат 18:00-де ШҚО филармониясының концерт залында өтеді. Билеттерді ticketon.kz сайтынан немесе қала кассаларынан алуға болады.

Наргиз Еркінбекова
Фото: Махаббат Ахметжанова
Бейне: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу