KZ
Өскемен
-23°
туман жел 1 м/с, СШ
504.6 594.27 6.48

Қазақстан Арал теңізіндегі су қауіпсіздігін цифрлық технология арқылы нығайтпақ

www.gov.kz

12.10.2025, 16:30 167 Базарова Айгүл

Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) басқармасының екінші отырысында теңіздегі су деңгейін арттыру жөніндегі бірлескен шаралар талқыланды. 2024-2026 жылдар аралығындағы Қазақстан төрағалығымен атқарылатын жұмыстардың ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында айтқан бастамалары негізіндегі жоспары талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне баса мән береді және аталған ұйымды өңірдегі экологиялық сипаттағы мәселелерді шешудің, ұтымды әрі өзара тиімді трансшекаралық су пайдаланудың құралдарының бірі ретінде қарастырады.

Олжас Бектенов өз сөзінде ХАҚҚ-қа қатысушы мемлекеттердің басшылары энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызы бар су-энергетикалық ресурстарын пайдаланудың ұтымды тәсіліне басымдық беретінін атап өтті.

Осы жылдың вегетациялық кезеңі өте қиын өтті. Күрделі жағдайларға қарамастан, үкіметтердің сындарлы өзара іс-қимылы Арал теңізі бассейнінде тұрақты су режимін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Премьер-министр Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Үкіметтерінің басшыларына алғысын білдіріп, үйлестірілген жедел іс-қимылдар арқылы ғана елеулі шығындардың алдын алуға болатынын атап өтті.

«Әр елдің өз ұлттық мүддесі бар, біз оны қашан да қорғауға міндеттіміз. Бірақ біздің ортақ стратегиялық, ұзақмерзімді басым мақсатымыз тату көршілік қарым-қатынас екені сөзсіз. Күнделікті, қысқамерзімді міндеттерді шешуде біз ұзақмерзімді басымдықтарға нұқсан келтірмеуіміз керек. Мәселелерді әрқашан өзара тиімді әрі қолайлы негізде шешу үшін бірлескен шаралар қабылдайтынымызға сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстанның төрағалығы аясында жүргізілетін жұмыстың басым бағыттарының бірі – цифрлық трансформация және су саласында жасанды интеллектіні қолдану. ЖИ енгізу суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді және су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Арал теңізі бассейнінде су ресурстарын есепке алудың, мониторинг жүргізудің, басқарудың және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығы да атап өтілді.

Кездесу барысында, сондай-ақ, Тәжікстан Премьер-министрінің орынбасары Зиёзода Сулаймон, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Түрікменстан ауыл шаруашылығы министрі Чарыяр Четиев сөз сөйледі.

Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның ашықтық, ынтымақтастық және сындарлы диалог қағидаттарына бейіл екенін нақтылады.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу