Шығысқазақстандық кикбоксшы Әлем кубогын жеңіп алды
Тарбағатайдың тумасы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Ернұр Қайырбеков Ташкентте өткен халықаралық турнирдің басты жүлдесін иеленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өзбекстан астанасында өткен жарысты елдің Кикбоксинг қауымдастығы мен Дүниежүзілік кикбоксинг қауымдастығы (WAKO) ұйымдастырды. Турнирге әлемнің 50 елінен келген 3 мыңнан астам спортшы қатысып, ринг пен татамиде өзара бақ сынады.
Мәдениет және спорт факультетінің үшінші курс студенті Ернұр Қайырбеков 63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады. Ол барлық төрт қарсыласын жеңіп, турнирдің басты жүлдесі – Әлем кубогын иеленді.
Спортшының айтуынша, бұл жеңіс — келесі айда Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін Әлем чемпионатына дайындық кезеңінің маңызды бөлігі. Қазіргі таңда Ернұр жаттықтырушы Ербол Шегеновтің жетекшілігімен дайындалып жүр.
Айта кетейік, Ернұр Қайырбеков – халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Оның жетістіктер тізімі әсерлі:
- ересектер арасында 2025 жылғы Қазақстан чемпионы;
- 2025 жылы Түркияда өткен Әлем кубогының чемпионы;
- 2024 жылы Венгрияда өткен Әлем кубогының финалисті;
- India Open–2024 халықаралық жарысының жеңімпазы;
- 2023 жылы Түркияда жастар арасында Әлем кубогының жүлдегері;
- 2023 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының финалисті;
- 2022 жылы Италияда жастар арасында өткен Әлем чемпионатының жүлдегері.
Университет ұжымы үшін өз студентінің табысына зор мақтаныш. Спортшыларды жан-жақты қолдап, олардың халықаралық аренадағы жетістіктерін ел абыройының көрінісі деп санайды.