Қаржылық сауаттылығын сынауда Шығыстың жастары белсенді
Шығысқазақстандықтар республикалық FinIQ қаржылық қауіпсіздік диктантына белсенді қатысып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған жоба бүгінде жоғары қызығушылық тудырып, еліміз бойынша 192 мыңнан астам мектеп және колледж оқушылары мен студенттерді қамтыды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Агенттік мәліметінше, бар болғаны екі күннің ішінде 97 мыңнан астам қатысушы тесттен өтіп, өздерінің қаржылық сауаттылық деңгейін тексерген.
FinIQ — бұл қаржылық сауаттылық деңгейін анықтайтын IQ-тест. Онда 20 сұрақ бар: «дроп» деген кім, «қаржылық пирамидадан қалай сақтану керек» сияқты негізгі ұғымдардан бастап, жеке деректердің қорғалуы, банк өнімдері мен онлайн төлемдердің қауіпсіздігіне қатысты тақырыптар қамтылған.
Диктант мектеп оқушыларына, колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған деңгейлік форматта өтеді. Қысқа әрі мазмұнды сұрақтардан тұратын тестті 15–20 минуттың ішінде, кез келген құрылғы арқылы тапсыруға болады.
Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары ерекше белсенділік танытуда.
Шығыс Қазақстан облысында FinIQ диктантына облыс университеттері, колледждері мен мектеп оқушылары, жастар қауымы ерекше белсенділікпен қатысуда. Бүгінгі жас өрен көзі ашық қоғам ғана өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынына сенімді.
Мұғалімдер диктантты сабақ барысында өткізсе, университеттер мен колледждер арасында факультетаралық сайыстар ұйымдастырылған. Әлеуметтік желілерде қатысушылар #FinIQ хэштегімен өз нәтижелерін бөлісіп, достарын «қаржылық иммунитетін тексеруге» шақырып жатыр.
Еске саламыз, FinIQ жобасы 20 қазанға дейін жалғасады. Тест қорытындысы бойынша әрбір қатысушы диплом мен сертификатқа ие болады, ал ең жоғары балл жинағандар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Айгүл Базарова
Фото: С.Аманжолов атындағы ШҚУ




