Шығыс Қазақстан атом энергетикасының жаңа өзегі болуға дайын
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті ХХІV сессиясында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалу барысы туралы есеп беріп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті мен жаңа экономикалық басымдықтарына тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанның жалпы аймақтық өнімінің 40 пайызын өңдеу және тау-кен өнеркәсібі құрайды. Әсіресе, өңір экономикасында тау-кен металлургия кешенінің орны бір төбе. Аймақтағы ең ірі жұмыс беруші сала ретінде жалпы жалақы қорының шамамен 30 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Алайда облыс әкімі соңғы үш жылда бұл салаға тартылған инвестицияның үлесі 20 пайыздан биыл 12 пайызға дейін төмендегін ерекше атап өтті. Осы ретте жаңа серпін беретін бағыттарды айқындап өтті. Атап айтқанда, Жаңа-Лениногор, Долинное және Чекмарь кен орындарын игеруді, Тұғыл ауылында тау-кен байыту комбинаты құрылысын жылдамдатуды, сондай-ақ «Алатау Литий» және «Creada Corporation» компаниялары жобаларын іске асыруды нықтады.
Нұрымбет Сақтағанов облыста атом саласын дамыту тетіктерін нығайту керектігін жеткізді. Бүгінде Шығыс Қазақстан техникалық университетінде жасанды интеллект пен спутниктік деректерді пайдалана отырып, ескі қалдық қоймаларының цифрлық карталары жасалуда. Бұл нысандар сирек кездесетін жер металдарының әлеуетті көздері ретінде қарастырылуда.
Сонымен қатар өңірде құрылыс индустриясы – кірпіш, газды бетон блоктары, күн панельдері, құрғақ құрылыс қоспалары мен бояу өндірісі қарқынды дамып келеді. Ал ағаш өңдеу саласын қайта жандандыру мақсатында Беларусь тәжірибесі зерттелуде.
Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібі экспортының өсімін 2025 жылға дейін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы орындалды. Бүгінде өңір экспорты 1,5 есеге өсіп, 2,7 млрд АҚШ долларына жетті. Оның ішінде жоғары технологиялық өнім көлемі 266 млн долларды құрап, 2,8 есеге артты.
Айгүл Базарова
Махаббат Ахметжанова










