KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО-да жыл соңына дейін өнеркәсіп саласындағы 10 жоба іске асады

24.05.2024, 13:15 114 Ержан Әбіш

Бүгінгі таңда облыста бірыңғай республикалық пулға енген 35 жобаны іске асыру жоспарланған. Олар жеңілдетілген несиелендіру және жер учаскелерін беру секілді мемлекеттік қолдау көріп отыр. Былтыр осылардың ішіндегі инвестиция көлемі 81 млрд теңге болатын 8 жоба пайдалануға берілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың сессиясы барысында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев мәлімдеді.

Биыл өңір басшысының айтуынша, 50 млрд теңгенің 10 жобасын іске қосу жоспарланған, оның ішінде 3 ірі жоба бар: Глубокое ауданының Секисовка ауылындағы «Baur Gold» алтын өңдейтін кәсіпорнын жаңарту, облыс орталығында жартылай іске қосылған «Алтай» көтерме-тарату орталығы, құрылысы ұзаққа созылған «Maxi Mall» сауда және ойын-сауық орталығы.

Бұл жобалардың барлығына қомақты инвестиция салынған. Сонымен қатар аймақ басшысы облыс үшін шағын жобалар да маңызды екенін атап өтті, өйткені олар облыс экономикасының құрылымын өзгертуге әсер ететін болады.

Орта мерзімді жоспарларда екі ірі жобаны іске асыру көзделген. Атап айтсақ, Тарбағатай ауданында жылдық қуаты 25 млн тонна, инвестиция көлемі 216 млрд теңгені құрайтын мыс комбинаты салынады. Кәсіпорын өнімі экспортқа жөнелтілетін болады. Сондай-ақ Ұлан ауданында инвестиция көлемі 235 млрд теңгені құрайтын литий өндіру және өңдеу комбинаты салынбақ. Оның өнімі Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспортталады.

Минералды-шикізат базасын толықтыру мақсатында алдағы бес жыл ішінде Малеев (Зырян тау-кен байыту комбинаты), Тишин және Риддер-Сокольное (Лениногор ТКБК) сияқты кен орындарын игеру, сондай-ақ Ново-Лениногорск, Долинный, Чекмарь («Қазцинк») кен орындарын іске қосу көзделіп отыр.

Айта кетейік, бүгінде ШҚО-ның жалпы аймақтық өніміндегі өнеркәсіп үлесі 35%-ға дейін жетеді. Салыстыру үшін айтар болсақ, Алматы қаласы экономикасының құрылымында өнеркәсіп небәрі 5%-ды құрайды, ал жалпы өнім шағын және орта бизнес есебінен қалыптасады. Бұл ретте оңтүстік мегаполис бүгінде республикалық бюджеттің доноры болып отыр. ШҚО да осындай көрсеткішке ұмтылуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу