KZ
Өскемен
-7°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
522.19 606.42 6.47

«Туған жер – алтын бесігім»: Өскеменде Катонқарағайдың мәдени күндері өтуде

17.10.2025, 21:30 304

Алтайдың баурайындағы қасиетті Катонқарағайдың мәдени байлығы мен рухани әлемі Өскемен төрінде айрықша сән-салтанатпен таныстырылып жатыр. «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл игі шара туған өлке тарихын, табиғатын, тұлғаларын ұлықтауға арналған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Мерекелік көрменің шымылдығы Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының кең фойесінде түрілді. Мұнда көз тартар түрлі экспозициялар қойылып, көрермен қауым тарихтың сыры терең әлемі мен өнердің сән-салтанатына сапар шекті.

 

Көрменің інжу-маржаны — «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының жәдігерлері. Б.з.д. II–I мыңжылдықтарға тән тарихи қазыналар — адам бейнесі бейнеленген әшекейлі белдік шығыршығы, сүйектен жасалған тарақ, бұғы мүйізінен жасалған бұйымдар.

– Бұл артефактілер Берел қорғандарынан табылған. Олар қайталанбас, өзгеше дүние. Мұндай жәдігерлер бүкіл Еуразия кеңістігінде сирек кездеседі, – дейді музей-қорықтың бас қор сақтаушысы Жания Серікбаева.

Катонқарағайдың рухани келбеті тек көне мұрамен шектелмейді. Аудандық орталық кітапхана ұсынған көрмеден Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы, Әлібек Асқаров сынды тау тұлғалы қаламгерлердің сирек кітаптары мен шығармашылық мұралары ерекше орын алды. Әр парағы — туған жерге деген махаббатпен жазылған асыл сөз.

Көңіл толқытар бір сәт — жазушы Оралхан Бөкейдің туған ауылы Шыңғыстайдан жеткізілген үй-музей жәдігерлері. Қарапайым ғана фотоаппарат, сағат, визитка, достықпен жазылған ашық хат — барлығы да қаламгердің тірі рухын сездіріп тұр. Ал сөрелерге қойылған қолжазбалары – сөздің сиқыры мен уақыттың тынысын жеткізгендей.

Көрменің бір бөлігі Катонқарағай ұлттық табиғи паркіне арналды. Шатқал мен шыңды, орман мен өзенді бір арнаға сыйдырған бұл өлке — табиғаттың өзі салған әдемі сурет іспетті.

– Біз 14 бағыттағы туристік маршруттар әзірледік. Келушілер Берел қорғандарын, Қаракөл көлі, Бұқтырма мен Рахман қайнары, Марқакөлге апаратын көне австриялық жолды тамашалай алады. Бұл жерлер адам жанын тербетіп, тынысын ашатын мекендер, – дейді парк қызметкері Альмира Тоқтарова.

Катонқарағай – тек табиғатымен емес, жүрегі кең халқы, ашық мінезді жастары арқылы да көңіл баурайды. Мұны ауыл мектебінде қызмет ететін филиппиндік ұстаз Майкл Секарро Напал да айтады.

– Мұнда алғаш келгенде балалар ағылшын тілін мүлде білмейтін еді. Бірақ олардың білімге деген құштарлығы, ынтасы мені таңғалдырды. Біз бір-бірімізден үйреніп жатырмыз. Бұл көрме Катонқарағайдың терең тарихын сезінуге мүмкіндік берді, – дейді ол.

Кеш соңында қонақтар «Өнер және өр Алтай» атты мерекелік концертті тамашалады. Сахнаға шыққан Катонқарағайдың өнер ұжымдары мен жас таланттары көрерменді ән мен күйге бөлеп, мың бұрылған биімен тәнті етті. Әрбір көрсетілген өнер түрінен туған жерге деген шексіз махаббат көрініс тауып, Алтайдвң биік рухы баурағандай әсер қалдырды.

Мәдени мерекенің алғашқы күні осылайша шабыт пен шаттыққа толы сәттермен қорытындыланып, жиналған жұртшылыққа туған топырақтың қадірін тағы бір еске салды.


Роксана Глыбова

Аударған: Айгүл Базарова 

Фото: Жібек Нұрахмат

Видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу