Қазақстандық кино әлемдік экрандарды бағындыруда
Қазақстандық кино бүгінде жаңа қарқынмен дамып, халықаралық сахнада өз орнын нықтап келеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық кинематографияны қолдау мен оны шетелдік аренада ілгерілету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы жылдары отандық режиссерлер мен продюсерлердің еңбегі халықаралық деңгейде жоғары бағалануда. Қазақстандық фильмдер әлемнің әр түкпірінде өткен 300-ден астам халықаралық кинофестивальге қатысып, 177 марапатқа ие болды. 2020–2025 жылдар аралығында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы әртүрлі жанрдағы 119 киножобаны жүзеге асырды.
Кинематография саласында жас таланттарға қолдау ерекше маңызға ие. Соңғы екі жылда өткен үш питчинг барысында 57 жоба іріктеліп, оның 40-ы жас режиссерлер мен сценаристердің қатысуымен жүзеге асырылды. 2024 жылы іріктеу ережелері қайта қаралып, үдеріс анағұрлым ашық әрі тиімді бола түсті. Енді өтінімдер электронды түрде қабылданып, сарапшылар кеңесінің дауыс беру жүйесі жетілдірілді. Бұл реформалардың нәтижесінде қазақ тіліндегі сценарийлердің үлесі 75%-ға дейін артты, ал режиссерлердің шығармашылық белсенділігі жаңа деңгейге көтерілді.
Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсеткен мысалдардың бірі – «Qaitadan» көркем фильмі. Туынды отандық прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс жинап, салынған мемлекеттік инвестицияны бес есеге қайтарды. Бұл жоба мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін дәлелдеп, қазақстандық көрерменнің отандық киноға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.
2025 жылы жаңа актерлер мен жас таланттарды іздеу мақсатында «JARQYRA» республикалық кастингі басталды. Бұл бастама өңірлердегі дарынды жастарға өз қабілетін көрсетуге және ұлттық кинематография әлеміне қадам басуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, «Қазақ киносының онкүндігі» акциясы аясында Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік және Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында отандық фильмдердің кең көлемді көрсетілімі өтті.
Бүгінде қазақстандық фильмдер тек кинотеатрларда ғана емес, онлайн-платформаларда да кеңінен қолжетімді. «Кинопоиск» сервисімен бірлесіп, 17 фильмнен тұратын арнайы топтама жасалды. Оған «Патриоттар уақыты», «Каникулы off-line 2», «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан» және басқа да көрермен сүйіспеншілігіне бөленген туындылар енді. Бұл отандық фильмдердің танымалдығын арттыруға және жаңа аудитория тартуға зор мүмкіндік ашты.
Соңғы жылдары Қазақстандық кино әлемдік деңгейдегі маңызды оқиғаларға белсенді қатысып келеді. 30 жыл ішінде алғаш рет еліміз Канн кинофестивалінің аясында өткен беделді Marché du Film кинонарығына қатысып, «KazakhCinema» ұлттық стенді арқылы отандық жобаларды таныстырды. Осы сапарда Франция және Грузияның ұлттық киноорталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Ал Ақтау қаласында Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанның киноұйымдарымен әріптестік жөніндегі келісімдер жасалды.
Халықаралық аренада да қазақстандық режиссерлердің еңбегі еленуде. Локарно және Пусан фестивальдерінде ұсынылған «Сказка о морских псах» деректі фильмі мен «Победителей видно на старте» атты бірлескен жоба – соның айғағы.
Қазақ киносы бүгінде тек мәдени құбылыс емес, елдің шығармашылық әлеуеті мен ұлттық брендіне айналып отыр. Кинематография саласындағы жүйелі мемлекеттік қолдау мен жас буынның жаңа көзқарасы қазақстандық киноны жаңа белестерге шығарып, оны әлемдік экрандардың төріне нық орнықтыруда.