Қазақстандық «Қажымұқан» фильмі Кореяда бас жүлде жеңіп алды
Қазақстандық тарихи драма «Қажымұқан» Сеулде (Корея) өткен халықаралық фестивальде бірден екі мәртебелі марапатқа ие болды. Картина фестивальдің бас жүлдесін – «Үздік фильм» атағын иеленсе, басты рөлді сомдаған Ербол Төлепберген «Үздік ер адам рөлі» жүлдесіне лайық деп танылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қатысуымен түсірілген. Лента Қазақстанның алғашқы чемпионы, аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі жайлы баяндайды. Фильмде тек қана спорттағы жетістіктері ғана емес, оның ұлттық рухты көтерудегі рөлі мен адами қасиеттері де кеңінен көрсетілген.
Режиссер Қанағат Мұстафин он жылдан астам уақыт бойы архивтік материалдар жинап, тарихи деректермен және замандастарының естеліктерімен жұмыс істеген. Соның нәтижесінде фильм көрерменге балуанның өмірбаянын ғана емес, оның ғұмыр кешкен дәуірін де терең сезінуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Қажымұқан» бұған дейін Италияда өткен XXIX Халықаралық IPAAF - Apoxiomeno кинофестивалінде жүлдеге ие болған. Өткен жылы фильм Қазақстан өңірлерінде Қазақ киносы онкүндігі аясында кеңінен көрсетілді.
11-ші Сеул халықаралық WebFEST фестивалі 28 елдің қатысуымен өтті. Биылғы бағдарламаға 21 номинация бойынша 160 туынды енгізілді, олардың ішінде 20-сы корейлік, 22-сі шетелдік фильмдер. Осындай бәсекеде қазақстандық фильмнің жеңіске жетуі – отандық кино индустриясы үшін үлкен жетістік әрі елдің мәдени имиджін нығайтуға зор үлес.
Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір тарихы – жас ұрпақ үшін үлгі. Бұл фильм аңыз балуанның спорттағы жеңістерін ғана емес, оның Отанға деген сүйіспеншілігі мен халық намысын бәрінен жоғары қойғанын көрсетеді. Картина – ұлттық рух, күш-жігер, ерлік, мақтаныш пен адалдық жайлы.
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі