Бір нөмірмен жүрген екі «Альфард»: Өскеменде полицейлер таңғаларлық құқық бұзушылықтың бетін ашты
Өскемен қаласында ерекше жағдай тіркелді. Қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлері бір мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген екі бірдей Toyota Alphard маркалы автокөлікті анықтады. Мұндай заңбұзушылық елімізде өте сирек кездесетін фактілердің бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, алғашқы көлік биылғы 29 қыркүйек күні қала көшелерінің бірінде тоқтатылған. Тексеру барысында жүргізушінің жүргізуші куәлігі мен сақтандыру полисі жоқ екені белгілі болып, көлік айып тұрағына жеткізілген. Бұл дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жолданған.
Алайда, бұл оқиға мұнымен аяқталмады. 21 қазан күні Өскеменде өтіп жатқан «Құқықтық тәртіп» атты жедел профилактикалық іс-шара кезінде тәртіп сақшылары сол мемлекеттік нөмірмен жүрген тағы бір «Альфардты» байқаған. Көліктің сыртқы белгілері мен маркасы алғашқы оқиғадағы көлікке ұқсас болғанымен, жүргізушісі мен көлік нөмірі бойынша сәйкестік күмән туғызған.
Патрульдік полиция қызметкерлері тексеру жүргізген кезде екінші көліктің кузовындағы сәйкестендіру нөмірі (VIN) көрсетілген мемлекеттік тіркеу нөміріне сәйкес келмейтіні анықталды. Яғни, көлікке жалған мемлекеттік нөмір таққан деген күдік туындады. Заң талаптарына сай, аталған автокөлік те арнайы айып тұрағына қойылды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері екі көлікке қатысты барлық мән-жайды анықтауға кірісті. Сараптама жүргізіліп, нөмірлік белгілердің шығу тегі мен олардың қалай пайдаланылғаны тексерілуде. Сондай-ақ, екі көліктің иелері арасында байланыс бар-жоғы да тергеліп жатыр.
ШҚО полиция департаменті мұндай жағдайлар — жалған нөмірмен немесе құжатсыз көлік жүргізу сияқты құқық бұзушылықтардың қоғам қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін еске салады. Азаматтарға көлік құжаттарын өз уақтында рәсімдеп, күмәнді нөмірлермен жүруден бас тартуға шақырады.
Полицияның мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы барысында өңірде жол қозғалысы ережесін бұзу және көлік құралдарын заңсыз пайдалануға қатысты бірнеше факт анықталған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай рейдтер алдағы уақытта да жалғасын табады.
Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі

