Қазақстандағы білім беру жүйесін дамыту: жетістіктері мен болашағы
Қазақстан білім беру саласын жаңа деңгейге көтеру бағытында жүйелі және кешенді реформалар жүргізіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қойылған міндеттер елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, адами капитал сапасын күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбиеден бастап жоғары білім мен ғылымға дейінгі барлық буында қолжетімділік пен сапаға басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттағы мемлекеттік саясат өңірлерде де нақты нәтиже беруде — жаңа балабақшалар мен мектептер ашылып, педагог мәртебесі артып, кәсіби білімнің халықаралық деңгейі нығайып келеді.
Шығыс Қазақстан облысы білім беру саласын дамытуда республика бойынша көшбасшы өңірлердің бірі саналады. Мұнда мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы нақты істермен көрініс табуда: жаңа мектептер мен балабақшалар ашылып, ауылдық жерлерде заманауи білім беру орталықтары құрылуда. Өскемен, Риддер және аудандардағы колледждер мен жоғары оқу орындары еңбек нарығының сұранысына сай кадрлар даярлауды жолға қойды. Сондай-ақ цифрлық трансформация, дуальді білім беру, психологиялық қолдау орталықтарын ашу сияқты бастамалар Шығыста табысты жүзеге асырылып, өңірлік білім сапасының артуына айқын әсер етуде.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде білім беру жүйесін дамыту және білікті кадрлар даярлау бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Үкімет мектепке дейінгі тәрбиеден бастап жоғары білім мен ғылымға дейінгі барлық деңгейдегі білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға баса назар аударуда.
Мектепке дейінгі білім беру
2025 жылдың басынан бері елімізде 26,6 мың орынға арналған жаңа 303 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарындағы барлық бала тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Балалары балабақшаларға бармайтын ата-аналар үшін 5,5 мыңнан астам кеңес беру орталықтары жұмыс істейді.
«Ақша баланың соңынан жүреді» қағидатына негізделген ваучерлік қаржыландыру тетігі енгізілуде: пилоттық жоба 20 қала мен 7 ауданды қамтиды, 4,8 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қатысады, 671 мыңнан астам ваучер берілді. Соның арқасында балабақша кезегі жартысына жуық төмендеді.
Орта білім: мектеп салу және жаңарту
2024-2025 жылдары жарты миллионнан астам орындық 359 мектеп, оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 173 мектеп пайдалануға берілді. Жыл басынан бері 102 мектеп салынды (153,8 мың орындық), оның 68-і жоба шеңберінде, ал 34-і бюджеттен тыс қаражат көздер есебінен. Жыл соңына дейін тағы 92 мектеп, оның ішінде жоба аясында 44 мектеп ашу жоспарлануда.
245 мектепті күрделі жөндеуден өткізу 95 мыңнан астам оқушының білім алуына қолайлы жағдай жасайды. Қазірдің өзінде 132 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталса, 104 мекемеде жұмыстар жалғасуда, нысандардың бір бөлігі жыл соңына дейін, ал бір бөлігі 2026 жылға дейінгі екі жылдық жобалар аясында аяқталады.
Қосымша білім беру
2025 жылдың тоғыз айында балаларды қосымша біліммен қамту жалпы оқушылар санының 87,2%-ына дейін өсті, оның ішінде тегін үйірмелер мен секциялармен балалардың 62%-ы қамтылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Қосымша білім беру ұйымдарының желісі өткен жылмен салыстырғанда 25 %-ға өсіп, екі мыңнан астам бірлікті құрайды.
Кейбір қалаларда келушілерді тіркейтін және үйірмелер мен секциялар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететін пилоттық цифрлық жоба жүзеге асырылуда.
Балалардың демалысы мен оларды сауықтыру
Биыл балаларды сауықтыру және еңбекпен қамту өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 200 мың балаға, яғни 3,4 млн балаға дейін өсті. Мектеп жанында он мыңнан астам лагерь және қала сыртындағы 192 балаларға арналған сауықтыру орталығы жұмыс істейді. 2027 жылға дейін осындай 50 орталық құрылады. 2026 жылдан бастап білім беру-сауықтыру қызметтерін лицензиялау енгізіледі.
Тамақтандыру
Тегін ыстық тамақпен 1,7 млн мектеп оқушысы қамтылды. Олардың ішінде 1,4 млн астамы бастауыш сынып оқушысы және 340 мыңнан астамы әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балалары. Мектепке дейінгі ұйымдарда да осындай санаттағы 99 мың бала тамақпен қамтамасыз етілді.
2025 жылдың қыркүйек айынан бастап білім беру ұйымдарында көкөніс пен жеміс тұтынуды арттыруды, тұз, қант және май мөлшерін азайтуды, сондай-ақ табиғи емес өнімдерді алып тастауды көздейтін тамақтану стандарты енгізілді. Тамақтандыру сапасын қадағалау тосыннан тексеру ақылы жүзеге асырылады.
Балалар құқықтарын қорғау
Өңірлерде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Онда 23 мыңнан астам жеке консультация өткізілді. Мектептерде «111» байланыс орталығының QR-кодтары орналастырылған. Жыл басынан бері 90 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді.
Отбасылық орналастырудың жаңа нысаны – баланы қабылдайтын кәсіби отбасы енгізілді, оны қолдауға жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Қорғаншылық органдары мамандарының штат саны 303-тен 1 006 адамға дейін артты.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы
Бағдарлама кәмелетке толмаған балалар үшін жинақтаушы білім беру капиталын қалыптастырады. 2025 жылы Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған 6,9 млн азаматының әрқайсысына $100-ден астам қаражат аударылды. Бүгінде тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және білім беру ақысын төлеуге 186 мың өтінім берілді, оның ішінде жалпы сомасы $22,9-дан астам болатын 156 мың өтінім орындалды.
Техникалық және кәсіптік білім беру
2025–2026 оқу жылында 189 мың талапкер қабылданды, оның ішінде 145 мыңы — мемлекеттік тапсырыс бойынша. 9-сынып түлектерінің барлығы машина жасау, IT, энергетика және құрылыс сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқумен қамтылған.
Дуальді білім беру жүйесі бойынша 108 мың студент оқиды, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 135 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Қытай, Германия, Франция, Түркия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада, Сингапур, Италия, Ұлыбритания және Швейцария колледждерімен академиялық мобильділік, халықаралық салалық аккредитация және стратегиялық әріптестіктің өзге де түрлері бойынша жасалған 50-ден астам халықаралық келісім білім сапасын арттыруға және түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Бұл жұмыстардың барлығы айтарлықтай нәтижелер беруде. Қазақстанның ұлттық құрамасы Данияда өткен Euroskills Herning 2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Команда веб-технология, мехатроника, графикалық дизайн, желілік және жүйелік әкімшілендіру, инженерлік CAD дизайн сияқты 5 бағыт бойынша 7 үздік шеберлік медальонын жеңіп алып, «Ұлт үздігі» аталымында марапатталды.
Жұмысшы мамандарды қолдау мақсатында жеңілдетілген шарттарымен «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. 22 қыркүйектегі жағдай бойынша бағдарлама аясында жалпы сомасы 46,5 млрд теңге болатын 1,9 мыңнан астам несие берілді.