Жаңа оқу жылында мыңнан астам мектеп жаңғыртудан өтеді
altainews.kz
Елімізде 2025–2026 оқу жылы білім беру саласы үшін ауқымды жобалармен басталады. Биыл 267 мың оқушы орнына арналған 232 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Оның ішінде қыркүйек айында-ақ 111 мың орынға шақталған 83 мектеп өз есігін ашты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сонымен қатар, білім беру мекемелерін жаңғырту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Реновациялау бағдарламасы аясында 190 мың оқушыны қамтитын 245 мектепке жөндеу жасалуда. Оның 127-сінде (99 мың оқушыға арналған) жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталды. Бұған қоса, 69 мыңнан астам бала оқитын мыңнан астам ауыл мектебі кезең-кезеңімен жаңғыртудан өтеді. Ал 680 мектепке шамамен 1100 заманауи пәндік кабинет орнатылады.
Елде қолға алынған «Келешек мектептері» моделі – орта білім сапасын көтеруге арналған стратегиялық жоба. Ол ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты қысқартып, балаларға тең мүмкіндік беруге бағытталған. Жаңа форматтағы мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынып жатыр. Нәтижесінде 200 мыңнан астам ауыл оқушысы заманауи әрі ыңғайлы оқу ортасында білім алу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл мектептерде білім беру тек дәстүрлі тәсілдермен шектелмей, практикалық сабақтарға да басымдық беріледі. Оқушылардың сыни ойлау қабілеті, цифрлық сауаттылығы артып, ғылыми пәндерге қызығушылығы артады. Шығармашылық және креативті бағыттағы мүмкіндіктер де кеңейтіледі. Мұғалімдер интерактивті технологиялар мен зертханалық кабинеттерді қолдана отырып, әр баланың жеке қабілетін дамытуға көңіл бөледі.