KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
519.61 610.13 6.54

Асқар Ислямов атындағы байқау байрағын көтерді

23.10.2025, 11:15 188 Базарова Айгүл

Қазан айының 23-і күні Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жоспарына сәйкес еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Асқар Ислямов атындағы оқытушылар арасында «Үздік педагогикалық эссе» ІІІ республикалық байқауы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Байқаудың мақсаты – шығармашылықпен айналысатын педагогтерді анықтау, педагог мамандығының беделін арттыру, бірегей педагогикалық тәжірибені тарата отырып, білім алушылардың теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдету, дарынды білім алушыларды анықтау, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша білімдерін жетілдіру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Асқар Ислямов атындағы оқытушылар арасында «Үздік педагогикалық эссе» республикалық байқауы жыл сайын дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

Театрдағы салтанатты жиын облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Кәбира Жантекееваның байқауға қатысушыларға сәттілік тілеген құттықтау сөзімен ашылды.

Шараның ашылу салтанатына қатысқан өңіріміздегі шығармашылықпен айналысатын ұстаздар, студенттер мен мектеп оқушылары ұлағатты ұстаз Асқар Ислямовтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнефильмді тамашалады.

– Мұғалім — мамандық дейтін болсақ, ұстаз болу табиғаттың адам бойына берген ерекше қабілеті. Әкеміздің осындай ерекше қабілеті бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болса екен. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтердің қадамдарына, шығармашылықтарына сәттілік тілеймін, – деді көп алдында сөз алған Аман Асқарұлы.

Байқау Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде сағат 11:00-де басталды. Оған Алматы қаласы, Алматы, Маңғыстау, Ұлытау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының он жеті педагогі қатысып, бақ сынамақ.

Байқауға Ислямова Сараш Асқарқызы (төрайым), КАЕУ-дың ұстазы, ф.ғ.к. Нұрланова Әсем Нұрланқызы және С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеттің ұстазы, ф.ғ.к. Айымгүл Қамзақызы Сейпутанова төрелік етеді. Жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталатын болады.

Жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кешкі сағат 17:00-де облыстық драма және оперетта театрында өтеді. Қосымша ақпарат кейінірек берілетін болады.


Серік Құсанбаев

Александр Шушеньков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу