Республикалық «Үздік педагогикалық эссе» жеңімпазы анықталды
Өскеменде Оқу-ағарту министрлігінің жоспарына сәйкес еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Асқар Ислямов атындағы «Үздік педагогикалық эссе» ІІІ Республикалық байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жеңімпаздар Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында салтанатты жағдайда марапатталды.
Айта кетейік, Асқар Ислямов атындағы «Үздік педагогикалық эссе» республикалық байқауы оқытушылар арасында дәстүрлі түрде осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлағатты ұстаз негізін қалаған отбасылық ұстаздар әулетінің жалпы еңбек өтілі алты ғасырға таяған. Бұл Шығысты айтпағанда, еліміз бойынша да үздік көрсеткіш екені даусыз.
Байқауға Алматы қаласы, Алматы, Маңғыстау, Ұлытау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарынан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатысып, бақтарын сынады.
Сонымен бірге төртінші жыл қатарынан оқу үлгерімі үздік, республикалық білім жарыстарында жетістіктері көп колледждің екі студентіне Асқар Ислямов атындағы шәкіртақы ұстаздар әулетінің атынан тағайындалып келеді. Оны кімге беру керектігін колледждің педагогикалық кеңесі әулетпен бірлесіп шешеді.
Осы жолы атаулы шәкіртақы иегерлері колледждің «Шетел тілі мұғалімі» біліктілігінің 4 курс студенті Әлихан Дәуітқали мен «Бастауыш білім беру мұғалімі» мамандығының 4 курс студенті Анна Слаутина атанды.
Байқау жүлдегерлері мен қатысушылары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен және Алғыс хатымен марапатталды.
«Үздік педагогикалық эссе» байқауының жүлдегерлері:
І дәрежелі диплом Аташов Сержан Құлдырақұлы, Түркістан облысы, Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі;
ІІ дәрежелі диплом Манатбекова Балнұр Манатбекқызы, Алматы қаласы, №1 Алматы қазақ гуманитарлық-педагогикалық колледжі;
ІІ дәрежелі диплом Бакетаева Гулшат Турсыновна, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі;
ІІІ дәрежелі диплом Мұхиддинова Гүлжанат Әлімжанқызы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі;
ІІІ дәрежелі диплом Назбиева Бакыт Кайролдиновна, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы Шығыс техникалық гуманитарлық колледжі;
ІІІ дәрежелі диплом Нурпеисова Еркеш Болатбековна, Абай облысы, Семей қаласы, Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжі;
Республикалық шараны ұлағатты ұстаз Асқар Ислямовтың шөбересі Әлижан Тоқтаубаев әйгілі «Атамекен» әнімен қорытындылады.
Дәурен Аллабергенұлы











