KZ
Өскемен
-26°
облачно с прояснениями Штиль
510.43 594.86 6.49

ШҚО спортшылары Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық кубогында алтын медаль иеленді

28.10.2025, 17:30 181 Базарова Айгүл

Астанада үстел теннисі бойынша еліміздегі ең ауқымды спорттық оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық кубогы (President’s Open Cup) өтіп жатыр. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған бұл турнир елордадағы «Beeline Arena» спорт кешенінде өтіп, 14 елден келген 300-ден астам спортшыны жинады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының спортшылары байрақты бәсекеде тамаша нәтиже көрсетті: Рамазан Рауанұлы 11 жасқа дейінгі (U-11) санатта алтын медаль жеңіп алса, 16 жасқа дейінгі (U-16) категорияда Алиби Шоманов қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды.

— Президент кубогына дайындықты біз қыркүйек айындағы чемпионаттан кейін бірден бастадық. Балалар өздерінің жоғары деңгейін көрсетті. Екеуінің де болашағы зор — ойынды жақсы сезінеді, техникасы мен тактикалық дайындығы мықты, — деді жаттықтырушы Евгений Груздов.

Жас спортшыларды Өскемен қаласындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкерлері — Евгений Груздов пен Сергей Коновалов дайындаған.

Турнир қатысушылары жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға беріп, оны әлем чемпионаттарымен салыстырды. Балалар үшін барлық жағдай жасалған. Ойын алаңдары, кәсіби үстелдер, телетрансляциялар мен демалыс аймақтары бар.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық кубогын Nomad Table Tennis Academy ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан үстел теннисі федерациясының қолдауымен ұйымдастырды. Турнирдің бас демеушілері — Aspan Holding және VD Stroy Engineering компаниялары. Жалпы жүлде қоры — 115 000 АҚШ доллары.


Меруерт Бахтиярова 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу