KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Өскеменде жылумен қамту сапасын жақсартуға бағытталған инвестициялық бағдарлама жүзеге асуда

30.10.2025, 16:00 173 Базарова Айгүл

«Шығыс Жылу» АҚ тұтынушыларды тұрақты әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мақсатында желілер мен қазандық жабдықтарын жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарламаны іске асыруда, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2025 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылғы 31 қаңтарға дейінгі аралықты қамтитын инвестициялық бағдарлама «Тариф – инвестицияға айырбасталады» жобасы аясында бекітіліп, жалпы құны 2 млн 279,4 мың теңгені құрады.

2024 жылдан ауысқан іс-шараларды қоса есептегенде, бағдарламаның жалпы орындалу сомасы қосымша құн салығынсыз 2 млн 353,86 мың теңге болды.

Бұл қаражат есебінен магистральдық желілер мен жабдықтарды реконструкциялау, жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қазандық жабдықтары мен технологиялық процестерді жетілдіру, қоршаған ортаға әсерді азайту, энергия тиімділігін арттыру және өндірістік нысандардың электрмен жабдықтау жүйесін жақсарту бағытында шаралар атқарылды. Ақпараттық жүйелер жаңартылып, ескірген техника мен құрылғылар заманауи үлгіге ауыстырылды.

2025 жылы күрделі жөндеу аясында кәсіпорын балансына кіретін 12,6 шақырымдық желі ауыстырылды. Компанияның мәліметінше, осының нәтижесінде тозу деңгейі 63,3%-дан 61,8%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Қазіргі таңда №2 және №3 қазандықтардағы үш агрегат күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар Жаңа Ахмер ауылындағы №5 қазандықты техникалық қайта жарақтандырудың бірінші кезеңі жүргізіліп жатыр. №2 қазандықтағы автоматика мен өлшеу жүйелері жаңартылып, жиілік түрлендіргіштер, электрқозғалтқыштар мен сорғылар алмастырылуда. Қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Ақпан мен қазан айлары аралығында инвестициялық жобалардың жалпы сомасы 1 млн 331,7 мың теңгені құрап, орындалу көрсеткіші 20-дан 100%-ға дейін жеткен. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сай жүзеге асуда.

Айта кетсек, №2 қазандықтағы №5 агрегаттың жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Соның нәтижесінде оның пайдалы әсер коэффициенті 2,54%-ға артты, ал табиғи отынның жылдық үнемі 306,6 тоннаны құрайды.

«Шығыс Жылу» АҚ-ның №2 қазандығы Өскемен қаласының сол жағалау бөлігін — ЖМК, А.Күленов кенті, 16 және 19 шағын аудандар және басқа да тұрғын үйлерді жылумен әрі ыстық сумен қамтамасыз етеді.

– Жөндеудің басты мақсаты – қазандықтардың сенімділігін арттырып, істен шығу қаупін азайту және тиімділігін көтеру, – деді №2 қазандықтың бастығы Алексей Уточкин. – Ең маңыздысы – жабдықтың тұрақты әрі сенімді жұмысы.



Елизавета Седых

Аударған: Серік Құсанбаев 

Фото: Александр Шушеньков

Видео: Жәнібек Ырысбай




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу