Өскеменде Республика күніне орай 60 ағаш отырғызылды
Өскемен қаласында Республика күні қарсаңында экологиялық акция өтті. Іс-шараны BAYTAQ жасылдар партиясының Шығысқа Қазақстан облыстық филиалы мен құрылыс компаниясы бірлесе ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Акция барысында жаңа тұрғын үй кешендерінің аумақтарында шырша көшеттері отырғызылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, егілген ағаштардың саны мерекелік датаға сай таңдалған: 35 жылдық Республика күніне — 35 ағаш, ал 25 қазан тарихи күніне — 25 ағаш, барлығы 60 ағаш отырғызылды.
Іс-шара аясында экологиялық қозғалысты дамытуға үлес қосқан азаматтар мен ұйымдар марапатталды. Олардың қатарында Elit Stroy Group өкілі Сымбат Кітапбаев, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Экология және география кафедрасы және BAYTAQ партиясының аймақтық саяси кеңес мүшесі Мақсат Мұкашев бар.
Сонымен қатар, партия қатарына жаңа мүшелер қабылданып, оларға партиялық билеттер табысталды.
Экологиялық акция ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай шаралар қоғамда табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және қала аумағында жасыл желек көлемін арттыруға бағытталған.


