KZ
Өскемен
-33°
туман жел 1 м/с, СШ
510.95 594.49 6.5

Өскеменде граффити фестивалінің қорытындысы шығарылды

4.11.2025, 20:00 212 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының орталығында «Заң мен тәртіп» акциясы мен өңірлік «Esirtkisiz Shygys» атты есірткіге қарсы жоба аясында ұйымдастырылған граффити байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Байқауға қаладағы мектеп пен колледждердің 20-ға жуық оқушысы мен студенті қатысты.

– Шынымды айтсам, қатысушылар саны бұлай көп болады деп ойламадым. Жастардың белсенділік танытқанына қуаныштымын. Өкінішке қарай, ауа райына байланысты дайындық уақыты аз болды, байқауды санаулы күн ішінде өткіздік. Бұл шара облыс прокурорының бастамасымен ұйымдастырылды. Осындай фестивальдер жастардың құқықтық мәдениетіне оң әсер етеді деп ойлаймын. Мұнда жеңілгендер жоқ – әрбір қатысушы белгілі бір номинация бойынша бағаланып, сыйлықтармен марапатталды, – деді ШҚО прокурорының орынбасары Ерлан Бұланбаев.

Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ерболдың айтуынша, мұндай форматтағы шара қалада алғаш рет ұйымдастырылды. Дегенмен, оны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарда бар.

– «Заң мен тәртіп» акциясы аясында біз граффити байқауын өткіздік. Негізгі мақсат – жастарды салауатты өмір салтына шақыру және олардың шығармашылығы арқылы «жамандыққа жол жоқ» деген идеяны көрсету. Байқау қаланың төрт жерінде өтті. Қатысушылар өз ойларын, көзқарастарын қабырға суреттері арқылы жеткізді, – деді Бақытжан Ербол.

Жас суретшілер мына номинациялар бойынша марапатталды: «Ең үздік граффити суретшісі», «Үздік идея», «Үздік композиция және реңдік шешім», «Креатив пен жаңашылдық үшін», «Үздік әлеуметтік үн».

– Бұл байқау туралы бізге бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі айтты. Бұған дейін граффити салып көрмеген едік, қызығушылықпен қатыстық. Мен үшін бұл ерекше тәжірибе болды. Жеңімпаз атанам деп ойлаған да жоқпын, бастысы – қатысу еді. Осындай фестивальдер алдағы уақытта да жалғасады деп сенемін, – дейді «Үздік композиция және реңдік шешім» номинациясының иегері Ақбота Теміржанқызы.

Айта кетейік, жыл басынан бері Өскемен қаласында «Заң мен тәртіп» акциясы аясында 20-дан астам түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылған.



Наргиз Еркінбекова

Аударған: Айна Бакимбаева 

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу