Ортақ жауапкершілік: ШҚО-да АИТВ-пен өмір сүретін аналардан 25 дені сау бала дүниеге келген
depositphotos.com
Жыл сайын желтоқсанның алғашқы күні әлем жұрты Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнін атап өтеді. Бұл –күнтізбедегі жай ғана дата емес, бұл – адамзаттың санасында үміт отын жаққан, АИТВ/ЖИТС дертінен зардап шеккен миллиондаған тағдырды еске алу, өмірдің қадірін сезіну және ортақ жауапкершілікті ұғыну сәті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жылдың ұраны – «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан - тиімді өзгерістерге». Осыған орай Шығыс Қазақстан облысында 10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін айлық өткізіліп, түрлі ақпараттық және профилактикалық шаралар ұйымдастырылуда.
Тұрақтылық пен оң серпін
Аймақта АИТВ-инфекциясының таралуы соңғы жылдары біртіндеп төмендеп, тұрақты оң үрдіс қалыптасқан. Облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дерегінше, 2025 жылдың он айында 251 жаңа жағдай тіркелген. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 дерекке аз.
ШҚО ЖИТС орталығының бас дәрігері Салтанат Фатихова мәлім еткендей, бүгінде диспансерлік есепте 3366 адам тұр. Олардың ішінде 2061-і ер адам, 1305-і әйел, ал 15 жасқа дейінгі 25 бала бар.
Жаңа жағдайлардың көбі Өскемен қаласында анықталған – 105 адам. Сондай-ақ, Алтай ауданында – 38, Глубокое ауданында – 22, Риддер қаласында – 18 және Шемонаиха ауданында – 15 адамнан вирус табылған. 15 пен 49 жас аралығындағы тұрғындар арасындағы АИТВ таралу деңгейі 1 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш – ұлттық бағдарламаның стратегиялық мақсаттарымен үйлесімді.
АИТВ-инфекциясы – үкім емес
ШҚО ЖИТС орталығы емдеу бөлімінің меңгерушісі Наталья Оралбаева атап өткендей, қазіргі медицина дамыған заманда АИТВ – өмірдің соңын білдіретін үкім емес.
Алайда ғылым мен емнің жетістіктеріне қарамастан, қоғамда әлі де түсініспеушілік пен үрей байқалады. Кейде осындай диагноз қойылған адамдарға қарсы көзқарас немесе қорқыныш сезімі көрініс табады. Мұның негізгі себебі – жұқтыру жолдары туралы нақты білімнің аздығы.
АИТВ-инфекциясы үш негізгі жолмен тарайды. Біріншіден, жыныстық қатынас арқылы – гетеро және гомосексуалды байланыстар кезінде. Екінші жолы - парентералды жолмен – ортақ ине немесе шприц қолдану арқылы (көбіне есірткі тұтынушылар арасында). Үшінші жолы – анадан балаға жүктілік, босану немесе емізу кезінде берілуі мүмкін. Осы ретте мамандар есірткі мен инъекциялық заттардан толық бас тартуға, жыныстық қатынаста қорғану құралдарын міндетті түрде қолдануға шақырады.
25 дені сау нәресте дүниеге келді
Қазақстанда антиретровирустық терапия толықтай тегін ұсынылады. Барлық есепте тұрған азаматтар дәрі-дәрмекті толық көлемде алады. Бүгінде күніне бір рет қана қабылданатын заманауи препараттар бар – бұл науқастарға өте ыңғайлы әрі пациенттердің өмір сапасын едәуір жақсартып отыр.
Науқастар барлық қажетті зертханалық талдаулар мен тексерулерден емдеу хаттамасына сай тегін өтеді. Мамандар үшін АИТВ-инфекция деген тек медициналық диагноз емес – бұл осындай сырқаты бар пациенттерге ең алдымен түсіністікпен қарап, қолдау көрсету, дұрыс ақпараттандыру. Облыстық ЖИТС орталығында дәрігерлер пациенттер өздерін науқас сезінбеуі үшін бар жағдайды жасауға тырысады.
Соңғы жылдары облыста АИТВ жұқтырған аналардан вирус жұқтырған нәрестелер тіркелмеген. Бұл – медицина мен ана жауапкершілігінің жеңісі. Биыл да осы үрдіс сақталып отыр. Облыста АИТВ-пен өмір сүретін аналардан 25 дені сау бөбек дүниеге келген.
Бөпелер 1,5 жасқа дейін дәрігерлердің қадағалауында болып, жағдайы жақсы болса, есептен шығарылады.
«АИТВ мен үшін үкім болмады...»
Өскемен қаласында АИТВ инфекциясын жұқтырған жандармен 2008 жылдан бері «Answer» қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қордың мамандары ғасыр дертіне шалдыққан адамдарға жан-жақты қолдау көрсетіп, құжаттарын реттеуге, арнаулы терапия алуына жәрдемдесіп келеді. Сол жандардың бірі — Вера. Ол 2015 жылдың сәуір айынан бері қордың клиенті. Темір тордың арғы жағынан бостандыққа шыққан бойда алғаш болып осы қорға жүгініпті.
Енді Вераның өз әңгімесіне құлақ түрелік.
2007 жылы, жазамды екінші рет өтеп жүргенімде, маған АИТВ диагнозы қойылды. Ол сәттегі күйімді сөзбен жеткізу мүмкін емес еді – өмірім тас-талқан болғандай көрінді. Жанымда дем беретін жан болмады, үмітім де сөніп қалған. Бірақ уақыт өте келе дәл мен секілді диагнозбен өмір сүріп жүрген әйелдердің белсенді, мәнді ғұмыр кешіп жүргенін көріп, АИТВ – үкім емес екенін түсіндім.
Соңғы рет қамауға алынғанымда жүкті болатынмын. Өз баламды 29 жасымда, колония қабырғасында босандым. Қолға алған сол кіп-кішкентай сәбидің демі менің өміріме жаңа тыныс сыйлады. Оның болашағы үшін өзгеруім керектігін сол сәтте ұқтым.
Бостандыққа шыққан соң АИТВ-пен өмір сүретін адамдардың өзара қолдау тобына қатыса бастадым. Бұл қадам мені қайта тірілткендей болды — өмірге деген құштарлығым оянды. Кейін осы қауымдастық арқылы «Флагман» жобасы туралы естіп, оның қатысушысы атандым. Бұл жоба денсаулығымды түзеуге үлкен мүмкіндік берді. Балалық шақта алған тізе жарақатым асқынып, өз бетімше жүру қиындаған кезде, мамандар маған эндопротез қою кезегіне тұруға көмектесті. Ауруханаға бірге барып, қажетті құжаттарды жинауға жәрдемдесті, жол шығынын да өздері көтерді.
«Answer» қорының мамандары АРВ-терапия туралы толық әрі дұрыс ақпарат берді. Соның арқасында терапия қабылдауға батыл шешім қабылдадым. Тек үш айдың ішінде-ақ денсаулығымда айқын өзгерістер болды: иммунитетім көтерілді, CD4 көрсеткіші 576-дан 840-қа дейін өсті, вирус жүктемесі 580-нен 117-ге дейін төмендеді.
Бүгін осының бәрін бастан өткерген адам ретінде айтарым: әрбір ВИЧ-позитивті адам өзіне көрсетілетін қолдауға лайық. Маған «Флагман» жобасы мен «Answer» қорының мамандары жаңа өмірге жол ашып берді. Ең маңыздысы — мен бұл өмірді балам үшін, оның болашағы үшін жалғастырып келемін".
Гранттар тоқтаса да - күрес жалғасады
Соңғы жылдары Қазақстанда шетелдік гранттық бағдарламалар қысқарып, бұл үдеріс АИТВ алдын алу және оған қарсы күрес бағытындағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына әсер еткені рас. Алайда Шығыс Қазақстанда бұл күрес тоқтаған жоқ.
Бүгінде барлық профилактикалық жұмыстар, зертханалық талдаулар мен антиретровирустық терапия – мемлекеттік қаржыландыру есебінен тегін жүргізіледі.
Орталық қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру кездесулерін өткізіп, жастар мен еріктілерді белсенді түрде тартуда.
Алдын алудың кілті – ақпарат
АИТВ-ның алдын алудағы ең басты құрал – дұрыс ақпарат пен білім. Өкінішке қарай, қоғамда әлі де мифтер мен жаңсақ пікірлер көп. Кейбір адамдар вирус жұқтыру жолдарын нақты білмегендіктен, жалған дереккөздерге сенеді.
Айлық аясында тұрғындардың, әсіресе, жастарды ақпараттандыру мақсатында дәрістер, кездесулер мен түсіндіру шараларын өткізу жоспарланған.
Сенім мен қолдау орындары
Ғасыр дерті ең көп тіркелген аудандарда – Глубокое, Алтай, Риддер және Шемонаихада сенім кабинеттері жұмыс істейді. Мұнда келушілер анонимді түрде тест тапсырып, кеңес ала алады. Осындай кабинеттер Өскемендегі теміржолшылар ауруханасында және облыстық ЖИТС орталығында да қызмет көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, бүгінде халықтың басым бөлігі әлеуметтік желілерде болғандықтан, ақпараттық-ағартушылық жұмыстар интернет пен БАҚ арқылы да белсенді жүргізілуде.
АИТВ – тек медициналық диагноз емес, ол – қоғамның адамгершілік өлшемін айқындайтын сын. Бұл дертпен күрес – тек дәрігерлердің емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Өзін және өзгені қорғаудың ең тиімді жолы – дұрыс ақпарат алу, қауіпсіз өмір салтын ұстану және уақтылы тест тапсыру.
Өмір – ең үлкен құндылық. Ал оны қорғау – әрқайсымыздың қолымызда.
Айна Бакимбаева